Петропавл жылу орталығының күл полигонын кеңейту үшін 89 гектар орман оталмақ

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

Шаһар шетіндегі орман қаланың өкпесі болып саналады

Фото ашық дереккөзден

Петропавлдың жылу орталығы күл полигонын кеңейту үшін 89 гектар орман оталмақ. Қазір коммуналдық кәсіпорыннан шығатын қалдықтарды төгуге арналған 220 гектар жер бар. Өткен ғасырдан бері пайдаланып келе жатқан қойма толуға жақын, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

ҚОҒАМ ОРМАНДЫ ОТАУҒА ҚАРСЫ

Биыл энергетиктер қосымша 239 гектар жер алып, жаңа күл төгу алаңын дайындауды көздеп отыр. Аталған аумақтың үштен бір бөлігінде орман өсіп тұр. Сондықтан жылу орталығының өкілдері оны жаппай отамақ. Коммуналдық кәсіпорынның жоспарынан хабардар болған белсенді топ әлеуметтік желіде бұл мәселені бірден қызу талқыға салды.

«Петропавлдың шетіндегі орман қаланың өкпесі болып саналады. Оны шабуға мүлдем болмайды. Солтүстік Қазақстандағы орман алқаптары онсыз да қырылып жатыр. Бұл шешімді қабылдар алдында қоғамдық кеңестің пікіріне құлақ асу керек», - дейді қала тұрғыны Ольга Веркулеева.

Билік өкілдері жерді бөлу жөнінде ресми жауап келмегенін айтады. Сондықтан өзінің жоспарлары жөнінде әзірге жауап беруден бас тартты. Ал «СевКазЭнерго» компаниясы журланистерге жазбаша жауап таратты. Монополистер сырылатын орманның орнына ағашты 10 есе көп отырғызамыз деп уәде етіп отыр. 

«Севказэнерго компаниясы әкімдікпен бірлесіп, бірнеше жерді қарастырды. Бірақ бірқатар факторларға байланысты бұл учаскілер бізге келмейді. Мәселен, топырақтың сәйкес келмеуі, жерасты суларының тым биік көтерілуі, өндірістік аумақтан тым алыс орналасуы және тағысын тағы. Егер күл төгетін аумақты осы жерде белгілесе, онда бұл қосымша шығынды талап етеді. Өз кезегінде ол бірден тарифтің өсуіне әсер етеді», - делінген монополист компанияның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

ПЕТРОПАВЛ ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЕКІНШІ МҰРЖАСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ТОҚТАТЫЛАДЫ

Петропал жылу орталығының екінші мұржасының жұмысы тоқтатылмақ. Коммуналдық кәсіпорын басшылығы оны жазда жүргізілетін жөндеу жұмыстарымен байланыстырып отыр. Ал жаңа мұржаның құрылысы мамыр айында басталмақ. Бұл мәселе облыстық қоғамдық кеңестің отырысында қаралды.

Мұржаның алдын-ала жобасы жасалды. Естеріңізге сала кетсек, былтыр наурыз айында алып мұржалардың бірі опырылып түскен болатын. Үйіндің астында қалған жұмысшы қайтыс болды. Қазір нысан екі мұржамен жұмыс істеп тұр. Коммуналдық мекеме басшылығы жылыту маусымы ойдағыдай өтетітін айтып отыр.

«2022-2023 жылғы жылыту маусымын өткеру мақсатында кәсіпорын қондырғыларын қалыпқа келтіру жөнінде іс-шаралар жоспары бекітілді. 1-ші түтін мұржасы алынып тасталды. 2,3-ші мұржалардың жағдайы зерттелді. Басты қазандық цехы корпусының түтін сорғысы қалыпқа келтірілді. 1-ші мұржаны салу мақсатында алдын-ала жоба жасалды. Күл қоймасының аумағы кеңейтілді. Қызылжар ауданының әкімдігі және жер қатынастары бөлімі «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ күл үйіндісін уақтылы салу мақсатында «Малое Белое ауылының елдімекенінің жеріне шамамен 238 га ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді және Қызылжар ауданы Асанов ауылдық округіндегі 148,2 га және «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ мемлекеттік орман қоры жерлері 89,8 га жер аудару алгоритмін» әзірледі. Жылыту маусымы кедергісіз өтуі тиіс. Ал жаз уақытында екінші мұржаның жұмысы тоқтатылғанда тұтынушыларды ыстық сумен қамту жұмысы үздіксіз жүргізіледі», - деді жиында сөз алған жылу орталығы директорының орынбасары Петр Богданов.

ЖЫЛУ ОРТАҒЫҒЫ – ҚОРШАҒАН ОТАНЫ ЕҢ КӨП ЛАСТАЙТЫН КӘСІПОРЫН

Петропавл жылу электр орталығы – Солтүстік Қазақстанда ауаны ең көп ластайтын кәсіпорын болып саналады. Қоршаған ортаға түсетін зиянды заттардың 70 пайыздан астамы осы мекемеге тиесілі. Коммуналдық кәсіпорыннан жыл сайын 1 млн тонна күл шығарылады. Ол қоймада сақталады. Қоршаған ортаға зиян келтіретіні айтпаса да белгілі. 

Қазақстанда жыл сайын 1,5 млн текше метр ағаш кесіледі. Оның 70 пайызға жуығы отын, қалғаны өндірістік мақсатқа пайдаланылады. Ақ қайыңдар өлкесі аталып кеткен Солтүстік Қазақстанда 546 мың гектар орманды алқап бар. Орта есеппен 6 мыңнан астам гектары жыл сайын отынға және өндірістік мақсатқа кесіледі. Ал егілетіні 1 мың гектарға жетпейді.

Мемлекеттік орман қорының жалпы ауданы 30 552,5 мың гектарды құрайды және республика аумағының 11,2 пайызын алып жатыр. Орманмен қамтылған жерлер 13 635,3 мың гектарды немесе орман қоры жерлерінің жалпы ауданының 44,6 пайызын алып жатыр. Оның ішінде қайың 1047,6 мың га алқапта, көлемі 92 519,9 текше метр. Бұл кесулердің нәтижесіндегі ағаштар отындық, сондай-ақ өндірістік мақсатта пайдаланылады. Жыл сайынғы мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүректі түбірімен босатудың көлемі орта есеппен 1 500 000 м3, ал оның ішінде ағаштары өндірістік мақсатта қолданылатын, басты мақсатта кесудің көлемі орташа есеппен 450 000 текше метр.

Қазақстан ағаш қоры аз мемлекеттердің қатарында. Ел аумағының 5 пайызы ғана орманды алқап. Сондықтан оны бей-берекет отау кім-кімді болсын қынжылтады.