Рейстердің кешігуі, жолаушы құқығы, жолаушысы аз бағыттар: мәселе қалай шешіледі?
Былтыр 21 бағытта қазақстандықтар үшін ұшақ бағасын арзандатуға бюджеттен 5,9 млрд теңге
Республикалық бюджеттен 2022 жылы 21 авиамаршрутты субсидиялауға 5,9 млрд. теңге бөлінсе, 2023 жылы 21 авиамаршрутты субсидиялауға 6,3 млрд. теңге бөлініп отыр. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Azattyq Ruhy ресми сауалына жіберген сауалында хабарланып отыр.
ПАЙДА ӘКЕЛМЕЙТІН БАҒЫТТАРДЫ МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫЛАНДЫРАДЫ
Дереккөз хабарлап отырғандай, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1511 Қаулысымен бекітілген Авиамаршруттарды субсидиялау қағидасына сәйкес, қажетті кiрiс деңгейін қамтамасыз етпейтін әлеуметтік маңызы бар авиамаршруттар субсидиялауға жатады.
Яғни, жолаушылар саны аз өңірлердегі бағыттар бойынша әуе компаниясы әрине, ұшуға аса құлық таныта қоймайды. Оның үстіне, билет құны да шарықтап тұратын. Осы мәселені шешу үшін үкімет әуе компанияларының аймақтарға жасайтын рейстерін көбейтіп немесе жаңа рейс ашып, билет құнының жартысынын бюджеттен қаржыландырып отырады. Міне, биыл әуе компанияларына қажетті кіріс әкелмейтін осындай 21 бағыттың билетін арзандатып және жалпы осы 21 бағыт бойынша ұшақтар ұшып тұрсын деген мақсатпен бюджет 6 млрд теңгеден астам субсидия бөліп отырғаны белгілі болды.
«Республикалық бюджеттен 2022 жылы 21 авиамаршрутты субсидиялауға 5,9 млрд. теңге бөлінді, 2023 жылы 21 авиамаршрутты субсидиялауға 6,3 млрд. теңге бөлінді», - деп хабарлады ААК ресми сауалымызға жауап бере отырып.
СУБСИДИЯ БАР, САПА ҚАЙДА?
Қазақстанның әуе нарығындағы ең өзекті тақырыптың бірі – ішкі рейстердің жиі кешігуі екені жасырын емес. Бұл жағдайда әрине зардап шегетін жолаушы. Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, былтыр әуе компаниялары 75 пайыз тұрақтылықпен ұшқан. Ал, рейстердің кешігуі туралы ақпаратты авиакомпаниялар Комитеттің тиісті сұранысы бойынша ұсынады.
«Авиакомпаниялар қызметіндегі негізгі басымдық жолаушылардың қауіпсіздігі болып табылады. Осыған байланысты, қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес авиакомпаниялар оларды жою шараларын қабылдауы керек, бұл өз кезегінде рейстердің кешігуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты, Қазақстан Республикасында, халықаралық тәжірибеге сәйкес, рейс кешігуі үшін жауапкершілік қарастырылмаған», - деп жауап берді бұл мәселеде әуе компаниясы қандай жауапкершілік артады деген сауалымызға ресми орган.
Бірақ, рейстер авиакомпанияның кінәсімен кешіккен кезде, жолаушылардың құқықтары бұзылуы туралы фактілер анықталғна жағдайда, заңнамамен қарастырылған тиісті шаралар қабылдануы керек.
РЕЙС КЕШІККЕНДЕ ҚАНДАЙ ШЫҒЫН ТАЛАП ЕТУГЕ БОЛАДЫ?
Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамамен, Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86 бабына сәйкес, егер рейсіңіз кешіксе, Сіз әуе компаниясына мынандай талап қоя аласыз:
- жеті жасқа дейінгі балалы жолаушыға ана мен бала бөлмесін сұрай аласыз;
- рейстің жөнелтілуін екі сағаттан аса күткен кезде ұзақтығы бес минуттан аспайтындай екі рет қоңырау шала аласыз, соның ішінде шетелдік нөмірге де қоңырау соғып, электронды поштадан екі хат жібере аласыз;
- егер рейс екі сағаттан астам уақытқа кешігіп жатса, салқын сусын сұрай аласыз;
- Ал егер рейс төрт немесе одан көп сағатқа кешіксе: күндізгі уақытта - әрбір алты сағат сайын; түнгі уақытта әрбір сегіз сағат сайын ыстық тамақ талап ете аласыз
- егер рейс күндіз сегіз сағатқа ал түнде алты сағатқа кешіксе, сіз қонақ үйден орын алып беруді талап ете аласыз. Бұл ретте, қонақ үй қосымша ақысы алмайтын болса, Сізді тасымалдаушы ұсынған көлікпен әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай жеткізіп беруге міндетті.
Ал, осы Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының 86 бабының өзге тармақтарына сәйкес, тасымалдаушының кінәсінен рейс орындалмаған немесе он сағаттан астам мерзімге кідіртілетін кезде, жолаушының қалауы бойынша, тасымалдаушы:
- осы баптың 1-тармағына сәйкес қызметтер көрсете отырып, жолаушыны билетте көрсетiлген баратын жеріне жақын арада ұшатын рейспен тасымалдауды қамтамасыз етуге;
- жолаушыға билеттiң толық құнын қайтаруға мiндеттi.
- осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген талаптарды бұзуға жол берген тасымалдаушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес жауапты болады.
Сонымен қатар, Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларының (Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығымен бекітілген) 39 және 40 тармақтарына сәйкес, авиакомпания жолаушыға көрсетiлген қызмет көрсетудi ұсыну нәтижесiндегi немесе соған байланысты ол көтерген залалдарды немесе шығыстарды өтейдi.
Авиакомпанияның кiнәсынен жолаушыны тасымалдау кiдiртiлген кезде, егер ол еңсерілмейтін күштің салдарынан болғанын дәлелдей алмаса, соңғысы жолаушыға әрбiр кiдiртiлген сағат үшiн билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнының 3 пайызы мөлшерiнде (кідіріс орын алған ұшу участкесі) айыппұл төлейдi.
Өндiрiп алынған айыппұл сомасы сатып алынған билет (кiдiрiс болған ұшу учаскесiнде) құнынан аспауы қажет.
АШ ҚАЛҒАН ЖОЛАУШЫ ҮШІН 600 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЫППҰЛ ТӨЛЕДІ
Көп жағдайда қазақстандықтар рейстің кешіксе не әуежайда күтіп отыра береді не жақынының үйіне кетеді. Дегенмен, азаматтық қоғам белсенділік танытса, бұл заңның кез келген бабы орындалады және орындалуы шарт та. Оған дәлел Ақтөбеде болған жағдай.
Былтыр Ақтөбе әуежайда елордаға ұшатын әуекомпанияның рейсі 4 сағат 40 минутқа кешіккен. Заңға сай, жолаушылар бұл әуе компаниясынан ыстық тамақ пен сусын талап ете алады. Ал, рейсі кешігіп жатқандықтан, компания бұл талапты орындауы керек. Елордаға ұшатын жолаушылардың бірі осы құқығы пайдаланайын деп, әуе компаниясынан ыстық тамақ, сусын сұраған. алайда, Компания сағат түнгі он екі асып кеткенін және әуежайдағы дәмханалар жабық екенін сылтауратып, жолаушыға ыстық тамақ бермеген. Өз кезегінде жолаушы тиісті бақылаушы органға арызданған.
Істі қараған Ақтөбе әкімшілік соты Qazaq Air әуе компаниясын бұл істе айыпты деп тапқан, ал, әуе компания өкілінің жолаушыға айтқан сылтауына сот «Сіздер күні-түні рейс орындайтын компаниясыздар. Сондықтан, тәуліктің қай мезгілінде болсын рейсі кешіккен жолаушының талабын орындау керексіздер», - деп жауап беріп, отандық әуе компаниясына 600 мың теңге айыппұл салған.
Сөз соңында айта кетейік, Азаматтық авиация комитетінің ресми дерегіне сүйенсек, жолаушылардың құқығын бұзғаны ұшін 2022 жылы қазақстандық авиакомпанияларға 8 айыппұл салынған екен.
ӨҢІРЛЕРДЕГІ ӘУЕЖАЙЛАРДЫҢ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?
Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, өңірлік әуежайларды қолдау үшін субсидиялау тетігі қарастырылмақ.
Өздеріңіз білетіндей, 2022 жылдың 29-шы желтоқсанында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойған болатын. Соған сәйкес азаматтық авиацияға қатысты «Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңға, Жер кодексіне, Еңбек кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енеді
«Аталған заң азаматтық авиация қызметін реттеу тетігін одан әрі жетілдіруді, ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті арттыруды, сондай-ақ әуе көлігі қызметтерін пайдаланатын азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған маңызды түзетулерді қамтиды», - дейді комитет.
Мәселен ұшу қауіпсіздігін арттыру және жерді пайдалануды шектеу үшін, сондай-ақ әуежай маңындағы аумақта объектілер салу үшін Жер кодексіне әуеайлақ маңындағы аумақта қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуды талап ететін әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңнаманың ережелерін ескере отырып, әуеайлақ маңындағы аумақта жер учаскелерін беруді реттейтін норма енгізіледі.
«Бұдан басқа осы заңда халықаралық әуежайлар үшін әуежай инфрақұрылымын дамытудың нақты кезеңдерін және басым міндеттер тізбесін қамтитын бас жоспарды бекіту жөніндегі ереже белгіленеді. Бұл тасымалдау көлемінің болжамды өсуін ескеруге, әуежайлардың инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті жер учаскелерін қамтамасыз етуге, халықаралық стандарттардың, оның ішінде ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздіктің де сақталуын қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Қаржылық қиындықтарға тап болған және өзінің операциялық шығындарын қамтамасыз ете алмайтын өңірлік әуежайларды мемлекеттік қолдау мақсатында субсидиялау тетігі қарастырылады», - деп хабарлап отыр комитет.
Сондай-ақ авиакомпаниялардың мобильді нөмір мен электронды пошта арқылы жолаушыларды рейс мәртебесінің өзгеруі туралы, оның өзгеру себептері және рейстің өзгерген уақыты туралы немесе жаңа маршрут туралы, сондай-ақ рейс мәртебесінің өзгеруіне байланысты авиакомпаниялар ұсынатын қызметтер тізбесі туралы уақтылы хабардар етуді міндеттейтін нормалар көзделіп отыр. Жолаушылардың құқықтарын қорғауды күшейту мақсатында жолаушыны межелі пунктке уақтылы жеткізбегені үшін жіберілген әр сағат үшін тариф (мерзімі өткен ұшу учаскесінің тарифі) құнының 3% мөлшерінде тасымалдаушы компанияларға айыппұл салу қарастырылған.