Тең мүмкіндіктер әлемі: мүгедектігі бар балаларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр
Мүгедектігі бар балаларды спортқа бейімдеу аса маңызды
Елордада мүгедектігі бар балалар мен жастардың жүйелі түрде дене шынықтыру және спортпен айналысуына жағдай жасау мәселесі талқыланды. «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі балаларды спортқа бейімдеу бойынша жұмысты 2017 жылдан бастап жүзеге асырып келеді. «AMANAT» партиясының жанындағы «Кедергісіз келешек» жобасы мүмкіндігі шектеулі жандарға 15 жылдан астам қолдау көрсетіп келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Партияның және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі өңірлерде филиал ашуды қолға алған. Ең алғаш филиал Павлодар облысында ашылды. Ал қазір бірлестіктің 22 филиалы Қазақстан өңірлерінде жұмыс істеп жатыр.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігінің директоры Нұргүл Ұлжекова жалпы мұндай ізгі іспен айналысуға қалай келгенін атап өтті.
«2008 жылы мен егіз баланың анасы атандым. Қыз бен ұл дүниеге келді. Алайда ұлым әлсіз, денсаулығында кінәраті бар болып туды. Сол күннен бастап мен ерекше баланың анасы атандым. Бұл қоғамдық бірлестікті ашудың негізінде де сол жатты. Мен өзім сияқты ата-аналар мен олардың балаларына қолдау көрсетіп, бастарын қосқым келді. Себебі ерекше балалардың дене шынығуын, іс-қимылын дамыту аса маңызды. Ерекше балаларды үйрететін, жаттықтыратын кадр тапшылығы мәселесі болатыны да заңды. Бізде ешбір университет ерекше баланы үйрететін маман даярламайды.Спорт пен туризм академиясы 2021 жылдан бері бейімделген дене шынықтыру мұғалімдерді даярлауды бастады. Оған дейін ешкім даярламайтын еді», - деді Ұлжекова.
Оның айтуынша, қазір орталық спорттың 11 түрі бойынша ерекше балаларды шынықтырады.
«Мен ерекше бала тәрбиелеп отырған ата-аналарды бірігуге шақырамын. Біз де қалыпты, қарапайым ата-анамыз. Біз уақыттың жылдам өтіп, артта қалған мүмкіндіктерді қайтаруға болмайтынын түсінеміз. Себебі ерекше балаларға қолдау қазір керек. Олардың спортқа, дене шынықтыруға қызығушылығын арттыруымыз керек. Сондықтан ел бойынша өңірдегі ата-аналардың бірігіп, балаларының қызығушылығы бойынша секцияларға апарып немесе оны жасақтаудың маңызы өте жоғары», - деді ол.
Нұргүл Ұлжекова бүгінгі таңда 22 қалада бейімдеу секцияларында әртүрлі спорт түрімен мыңнан астам мүгедек бала мен жас қамтылғанын айтты.
«Спортқа бейімдеу бойынша оқу-әдістемелік құралдар әзірледік, жыл сайын спорттың 11 түрі бойынша ерекше балалар арасында жарыстар өткіземіз, жаттықтырушыларды оқытамыз. Қазақ спорт және туризм академиясымен бірлесе отырып, дуальды оқыту аясында студенттермен тәжірибеге бағдарланған жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы шаралардың барлығы мүгедек балалар мен жастарды әлеуметтендіруге, спортпен шұғылдану арқылы олардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Мүгедектігі бар балалар санының тұрақты өсуіне байланысты бейімделу спорт түріне сұраныс артып келеді. Samruk -Kazyna Trust әлеуметтік жобаларды дамыту қоры біздің спорт үйірмелерін ашуға қаражатты жыл сайын бөліп, қолдау көрсетіп жатыр», - деді ол.
Мүмкіндігі шектеулі балалардың спортқа қызығушылығы артқан кезде олар сау балалармен тең дәрежеде өз мүмкіндіктерін сынай алады. Оған дәлел іс-шара барысында мүгедектігі бар балалар каратэ бойынша «ақ белдіктен» «қоңыр белдікке» өтті. 2016 жылдан бері каратэге ден қойған ерекше балалар бүгін еңбектерінің жемісін белдеріне буды. Белдіккке ие болғандардың арасында Мәскеудегі жарысқа барып, алтын, күміс,қола жүлдегер атанып келгендер де бар.
Астана қаласы бойынша Кекушин Будокай каратэ федерациясының жетекшісі Нұрсұлтан Әлиақбаров балаларға «қоңыр белдікті» белдеріне буып берді.
«Бұл балалар «қоңыр белдікті» алу үшін тек тест тапсырған жоқ, олар сау балалармен бәсекеге түсіп, олармен тең дәрежеде белдікті алып шықты», - деді Нұрсұлтан Әлиақбаров.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы «Кедергісіз келешек» жобасының менеджері Сәуле Көпбергенова қоғамдық бірлестік өте ауқымды іс атқарып отырғанын атап өтті.
«Біз бірлесіп жұмыс істеген жылдары аз жұмыс атқарылмады. Қазақстандағы бейімдеу спортын дамыту бойынша қоғамдық бірлестік күш-жігерін салып жатыр. Бұл бастама жан-жақты қолдауға да ие болып отыр. 2014 жылдан бастап партия «Кедергісіз келешек» жобасын жүзеге асырып келеді. Біз мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік бейімделуіне жағдай жасауға қолдау көрсетіп келеміз. Бұл - өте маңызды мәселе. Себебі бұл мәселе өңірлерде өткір болып отыр. Астанадан басқа өңірлерде қазір орталықтар белсенді жұмыс істеп жатыр. Бейімделу спорт түрінің секцияларын өңірлерде ашу кезінде спорт залдар қолжетімді болмайтын, кедергіге тап боламыз. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған нысандардың бейімделуі маңызды мәселе болып отыр. Бұл сұраққа партия ерекше назар аударады», - деді Сәуле Көпбергенова.
Сондай-ақ ол бейімдеу спортына барып жүрген балаларды болашақта жұмыспен қамту мәселесі тұрғанын да атап өтті.
«Біз осы бағытты дамыту бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Оған қоса балалар мен ересектерді әлеуметтік бейімдеу мәселесі де тұр. «Тең мүмкіндіктер әлемі» жайлы баяндамада осыған дейін өткен фестиваль туралы айтылды. Соңғы екі жылда мұндай іс-шара өткізілмеді. Бірақ біздің жоспарымызда осы жылы оны өңірлерде ұйымдастыру мәселесі көтеріліп отыр. Сондай-ақ ресурстық орталықтың қажеттілігі жоғары. Себебі кадр тапшылығын өзіміз де көріп отырмыз. Бейімдеу спорты бойынша халықаралық конференция өткізуді де қолдаймыз. «Кедергісіз келешек» жобасы аясында біз 15 жыл қатарынан мүмкіндігі шектеулі жандардың конфедерациясымен бірлесіп рухы мықты адамдарды марапаттауға арналған «Жаншуақ» іс-шарасын жыл сайын өткізіп келеміз. Бүгін марапатталған спортшылардың бірі сол құрметке ие болады деп ойлаймын», - деді ол.