Жылу қазандықтары тозған кентаулықтар үш жылдан бері мәселесін шеше алмай жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Ал жылуға жауапты мекеме басшысы бар кінәні жергілікті әкімдікке жапты

фото: stan.kz

Кентау қаласында тозығы жеткен жылу орталығының қазандықтары қайта-қайта бұзылып, тұрғындар тоңып отыр. Қазірдің өзінде 14 мың пәтер суықта қалған. Тізесі жылымаған тұрғындар үш жылдан бері жылуға жарымай отырғанын айтады. Бұл туралы Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Ал жылуға жауапты мекеме басшысы бар кінәні жергілікті әкімдікке жапты. Айтуынша, тозығы жеткен қазандықтарды жөндеу керек деп шенеуніктерге сан мәрте ескерткен. Кентау әкімдігі қажет соманы енді есептеп жатыр. Кентау тұрғындары қыс түскелі жылуға жарымадық дейді. Үш жылдан бері үйдегі жылу құбырлары қанжылым болса, аяз түскелі тіпті суып кетіпті. Бүрсеңдеген халық пәтерінде қалың киініп, электр құрылғыларымен жылынуға мәжбүр.

«Үйдің ішінде қалың киіммен емін- еркін отыра алмайсың. Балалар да отыр, ана тамға кірсең суық, бір жерде жиналып, бәріміз топырлап бір жерде жатамыз, ананы қосамыз. Көп ауырады, жиі жедел жәрдем шақыра береміз. Ауруханаға жатып қалып жатырмыз, дәріге ақшамыздың жартысы кетіп жатыр», - дейді Кентау қаласының тұрғыны Алмагүл Ақмурзина.

Қазір пәтерлердегі жылу батареялары тым салқын. Тұрғындар тиісті мамандарды шақырғанымен, олар құбырларың ескірген деп ескермейді екен.

«Бізде ТЭЦ бар ғой, №5 тозған. Басқасына ауыстыру керек болмаса, газға өткізу керек. Қазір 21-ші ғасыр ғой, әлі от жағып жаурап отырған адамдар бар. Мына 90 үй жаурап отыр, үш ай болды. Ауасын шығарамыз, болмайды. Құбырды ауыстырған кезіміз де болды. Су келіп тұр, бірақ мұздай», - дейді  Кентау қаласының тұрғыны Орал Төленов.

Кентаудағы №5 жылу орталығындағылар қаңтардың қара суығы қажытқанын мойындап отыр. Қатты аязда алты қазандықтың үшеуі бірінен соң бірі істен шығыпты. Жұмысшылардың жанкештілігі ғана қаланы толық қатып қалудан құтқарып қалған. Әйтпесе әр бес жылда жөнделуге тиіс қазандықтарға соңғы 11 жылда адам қолы тимеген. Сондықтан шықпа жаным, шықпа деп, әзер отырғанын айтады.

«Қазіргі жұмыс істеп тұрған алты қазандықты күрделі жөндеуден өткізу керек. Одан кейін екі қазандық Кеңес заманынан бері істемей тұрған. Оны да қайта құрып, қалпына келтіруге болады, қаражат бөлініп жатса. 2019 жылы сегізінші қазандық күрделі жөндеуден өту керек еді, өткізілмеді. Қаражат тапшылығынан. Уақтысында өтініш берілмеді. Ол енді жалғыз қателіктер болған шығар», - деді «Кентау-Сервис» МКК директорының міндетін атқарушы Бақытжан Орынбасаров.

Ал Кентау әкімдігі модульді қазандық қоямыз, не пәтерлердегі жылу жүйесін ауыстырып, авотономды жылыту қазандығын орнатамыз деп, уақыт оздырып алған. Сондықтан биыл республикалық бюджеттен қомақты қаржы сұратады. Сөйтіп 21 шақырым құбырды ауыстырады.

«Магистраль жүйелерді қайта құру, қайта қалпына келтіру жұмысына шамамен 6 миллиардтай қажет. Ол 21 километр жерде 500-дік құбырлар. 300-дік құбырлар да бар, әр түрлі диаметрде. Оны қайта ажырату құбыры деп атайды. Заманауи, сыртында қаптауы бар жаңа құбырларға ауыстырамыз», - деді Кентау қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Ысқақов.

Бірақ бұл жоба ақша бөлінген соң ғана жүзеге асырылады. Сондай-ақ әбден тозығы жеткен ескі орталық биылдан қалмай күрделі жөндеуден өткізілмесе, келесі жылыту маусымында Кентау Екібастұздың тағдырын қайталауы мүмкін.