Республикалық қоғамдық қабылдау азаматтардың ұсыныс-тілегін қабылдауға көшті

Автор: Azattyq Rýhy

Халықтың ұсынысы AMANAT партиясының сайлауалды бағдарламасын әзірлегенде ескеріледі

Суретті түсірген Әли Ғалым

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев партияның сайлауда шынайы бәсекеге дайындығы туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Біз өз күшімізге сенімдіміз, тартысты бәсекеге тас-түйін дайынбыз. Себебі дәл қазір «AMANAT» партиясындай адами, кадрлық ресурс ешкімде жоқ. 800 мыңға жуық партия мүшесі бар, 249 партия филиалы бар, 243 қоғамдық қабылдау орталығы бар, 4 мыңға жуық бастауыш партия ұйымы бар. 23 жылдан бері елде өткен барлық сайлауға қатысып, жинаған мол тәжірибесі бар. Одан бөлек, орталық және жергілікті атқару билікпен қоян-қолтық жұмыс істеп, әріптестік тәжірибесі бар. Қазіргі таңда қай саяси партия осындай қуат-күшімен мақтана алады?» - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев үгіт-насихат 18 ақпанда басталатынын айтты.

«Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз. Бағытымыз – Әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, тәуелсіздіктің баянды болуы. Қазір жер-жерде сайлау штабтары құрылып, партия белсенділері мен еріктілері алдағы үгіт жұмысына қызу дайындық үстінде. Үгіт-насихат 18 ақпанда сағат 18:00-де басталады, сол сағаттан бастап біз әрбір елді мекен, әр ауылға барып, «Халық үніне» құлақ асамыз, ұсыныс-тілек жинаймыз, партияның бағдарламасын түсіндіреміз», - деді «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы.

Елнұр Бейсенбаев сайлаудағы дауыс берудің ашықтығы туралы да айтты.

«AMANAT» партиясының 30 мың байқаушы дайындауға шамасы жетеді. Өткен президент сайлауында, оның алдында референдум кезінде біздің байқаушылар сайлау учаскелерінде дауыс беру процесіне бақылау жасады. Сондықтан сайлауға мониторинг жасауда партияның тәжірибесі мол. Біздің байқаушылар сайлаушылардың дауыс беру құқығы толық жүзеге асуын, барлық процестің ашық әрі таза өтуін жіті қадағалайды», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаев партия алдағы парламенттік сайлауға жүз пайыз дайын екенін мәлімдеді.

«Себебі оған дайындықты былтыр қыркүйек айында – Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында Парламент пен мәслихаттардың сайлауын өткізу керектігін айтқан кезде бастап кеттік. Меніңше, барлық партия үшін дайындық жасауға уақыт жеткілікті болды, себебі Мемлекет басшысы сайлау өтетінін жарты жыл бұрын мәлімдеді ғой», - деді Елнұр Бейсенбаев.

Өз кезегінде, Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаеваның айтуынша, Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек беру, кеңес беру жұмысын тоқтатты. Бұл кезеңде партия азаматтардан тек ұсыныс-тілектер жинап, сараптаумен айналысады.

«Азаматтардың талап-тілектері қоғамдық қабылдаулардан бөлек Call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz электронды үкімет порталы, сондай-ақ, WhatsApp мессенжері арқылы қабылданады. Соңғы жеті-сегіз күнде біздің қоғамдық қабылдауларға 500-ге тарта ұсыныс-тілек келіп түсті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеріледі», - деді Ә.Садырбаева.

Айта кетейік, партияның Атқарушы хатшысы бүгін Астанадағы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде болып, орталықтың былтыр атқарған жұмысымен танысты.

Тегтер: