Коронавирус шыққалы бізден «қытайлықтар» деп қашады – Еуропадағы қазақ студенті

Автор: Azattyq Rýhy

Бойжеткен өз қауіпсіздігі үшін алаңдаулы 

ФОТО: Thesun

Ұлыбританияда оқитын қазақ студенті коронавирус шыққалы жергілікті тұрғындар оларды «қытайлық» деп ойлап, қашқақтайтынын айтты.

Azattyq Rýhy тілшісімен сұхбаттасқан студент аты-жөнін құпия сақтауды өтінді.

«Күйеуім екеуміз магистратурада бірге оқып жатырмыз. Мен Ұлыбританиядағы Уорик университетінің студентімін. Коронавирус шыққалы жергілікті тұрғындар бізді «қытайлық» деп ойлап қашады. Бұл жақтағылар ортаазиялықтардан «қай жерденсіңдер» деп сұрамайды, түрімізге қарап, бірден қытайлықтар деп ойлайды. Әрине, бұл бізге ұнамайды. Метро, автобус, кітапхана сынды көпшілік жүретін ортада адамдар жақын отыруға, жаныңда тұруға қорқақтайды. Тіпті кейбіреулері ашық түрде ауыздарын орамалдарымен бүркейді. Іштей жаман боласың», - дейді ол.

Бойжеткеннің айтуынша, жергілікті тұрғындар қытайлық азаматты ұрып кеткен. Осыдан кейін қазақ студенті өз қауіпсіздіктері үшін алаңдайтынын айтты.

«Алдында Англияның бір қаласында жергілікті тұрғындар қытайлық азаматты еш себепсіз ұрып кетті дегенді естідік. Осыған ұқсас түрлі жаңалықтарды оқып жатқанда, бас қауіпсіздігіміз үшін алаңдаймыз. Әсіресе, үлкен қалаларда қорқынышты. Англияның жергілікті халқында жасырын «расизм» бар. Түрлі ұлттардың келіп оқып жатқанын олар ұнатпайды. Бірнеше күн бұрын британдық әнші Джеймс Бланттың концерті болды. Онда шамамен 5000 адам отырды. Біз де сол концертке барғанбыз. Концерт кезінде әнші алғашқы турын осы елден бастап жатқанын, одан ары Австралия, Қытайға баратынын айтты. Сонда халық Қытай дегенді естіп «ууу» деп бірден гуілдеп кетті. Мүмкін олардікі дұрыс шығар, не дегенмен қауіпті вирус дегендей. Бірақ біздің университеттің экономикасын көтеріп жатқан cтуденттердің 80% қытайлықтар», - деді қазақ студент.

Одан бөлек, бойжеткен Қазақстанда қазақ ұлтын бірінші орынға қоятындарды сөкпеуге шақырды.

«Біз Қазақстанда қазақтарды бірінші орынға қоятындарды «ұлтшыл», «өзімізді алға қояды» деп сөгеміз. Шетелде жүріп байқағаным, кез келген ел өзін бірінші орынға қояды, өз еліндегі ұлттарды бағындырады, өздерін сыйлатады. Біз бұл жағына келгенде бейшарамыз. Қазақтарды ашық түрде алға қойып, сыйлата білуіміз керек», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан