Нысанның дайындығы – 85%
Жетісу облыстық әкімдігінің ғимаратына жөндеу жүргізіп жатқан компанияға айыппұл салынады. Мердігер компания қаңтар оқиғасында қиратылған ғимаратты өткен аптаның соңында аяқтап, өткізуі тиіс еді. Алайда жөндеу жұмысы уақытылы аяқталмады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Жетісу облыстық құрылыс басқармасы аталған жағдайға қатысты түсініктеме берді. Облыстық әкімдіктің ғимаратын қалпына келтіру жұмысы әлі жалғасып жатыр. Құрылыс бойынша жарияланған миллиардтаған теңгенің тендерін «ТехноСнаб2002» ЖШС ұтқан.
«2022 жылға 4 640,5 млн теңге бөлініп, игерілді. Демонтаж, ғимаратты сейсмикалық күшейту, аралық қабырғаларды орнату, тұтастыру, электрмен, жылумен және сумен қамту және су тарту, желдету жүйелерін жасау, кондиционерлер орнату, кафельдер мен керамогранит плиткаларын салу жұмысы аяқталды. Нысанның дайындығы – 85%», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бүлінген ғимаратты қалпына келтіруге 116 жұмысшы, 5 техника жұмылдырылған.
«Құрылыс монтаж жұмысының орындау мерзімінің кешігуі себепті, 24 қаңтардан бастап мердігер ұйымға өндірістік жұмыс кестесінен кешіктірілген әр күн үшін 0,1% көлемінде айыппұл санкциясы есептеледі», - деді әкімдіктен.