Серік Күдебаевтың ісі: Алматы облысының экс-әкімі Қанат Бозымбаев сотқа шақырылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол генерал-майор Серік Күдебаевтың ісіне куәгер ретінде жауап берді

Қаңтар оқиғасы бойынша үстінен іс қозғалған Алматы облысы ПД бұрынғы бастығына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Осы уақытқа дейін бірқатар куәгерден жауап алынды. Бүгінгі сотқа облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаев та куәгер ретінде шақырылып, екі сағаттан астам уақыт жауап алынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алайда экс-әкім судьядан құпия куәлік етуіне байланысты журналистер мен өзге де қатысушыларды залдан шығарып жіберуді өтінді. Күдебаевтың адвокаты қарсылық білдіргеніне қарамастан БАҚ өкілдері мен өзге де қатысушылар залдан шығарылды. Сот тергеуінен шыққан  Қанат Бозымбаевты журналистер дәлізде тосты.

«Соттағы сөздер жайлы айта алмаймын. Айтсам біреудің құқығын бұзғандай боламын», - деді экс-әкім.

Ол журналистердің «қаңтар оқиғасы кезінде қайда болдыңыз?», «қазір немен айналысып жүрсіз?» - деген сұрағын жауапсыз қалдырды.

«Ол жайында да айта алмаймын. Қазір мен жеке тұлғамын. Жалпы жағдайым жақсы», - деп қысқа қайырды.

Күдебаевқа қатысты қылмыстық іс 10 томнан тұрады. Оның 3 томы құпия саналады.

«Экс-әкім куәгер ретінде шақырылғанмен, оның сөзін тыңдап, сұрақ қоюға мүмкіндік берілмеді. Құпия құжаттар бойынша менің екінші әріптесім танысуға құқылы. Бозымбаевтың қаңтар оқиғасына байланысты құпия ештеңе жоқ деп санаймын, оны қоғам біледі. Мен бұрынғы әкімге қырықтан астам сұрақ дайындағанмын. Оған сот мүмкіндік бермеді. Менің және қорғауымдағы тұлғаның құқығы бұзылды. Судьяның үстінен Жоғарғы Сотқа шағым түсіремін», - деді генерал-майордың қорғаушысы Сәуле Қобжанова.

Айта кетейік, Серік Күдебаевқа Қылмыстық кодекстің 370-бабы, 4-бөлігінің 1-тармағы бойынша «Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметтегі әрекетсіздік» деген айып тағылып отыр. Нақтырақ айтсақ, ол қаңтар оқиғасы кезінде өз қарамағындағы қызметкерлерге полиция департаментіндегі жұмыс орнына кетуге бұйрық бергені үшін айыпталуда. Сондай-ақ айыптау актінде Күдебаевтың өзіне сеніп тапсырылған учаскеден қызметтік автокөлікпен кетіп қалуы арқылы құпия құжаттар, мүлік және қару-жарақты қараусыз қалдырғаны жазылған.

Айыптауларға байланысты Алматы қалалық адвокаттар коллегиясының қорғаушылары Сәуле Қобжанова мен Руслан Баймақов түсіндірме жауап ретінде Талдықорған қалалық сотына қылмыстық істі тоқтату жөнінде өтінішхатты да жолдаған. Тағылған айыптауды Серік Күдебаевтың өзі де мойындаған жоқ.

Оның сөзінше, Алматы облыстық полиция департаментіне келушілердің басым бөлігі жастар болса, алдыңғы қатарда әйелдер мен балалар тұрған. Полиция департаментіне алғашқы кірген адам да – кәмелеттік жасқа толмаған қыз бала болған. Куәгерлер мен адвокаттардың айтуынша,  Талдықорғандағы полиция департаментінің қызметкерлері, оның ішінде Серік Күдебаевтың өзі де департамент ғимаратын басып алудан бұрын облыстық әкімдік алдында болған митинг барысында түрлі деңгейде жарақат алған. Генерал басынан және аяғынан жараланған.