Дәрігер тапшы: СҚО-да бір ғана балалар ревматологы, кардиолог пен гематоонколог жұмыс істейді
Елімізде жыл сайын жоғары медициналық оқу орындарын орта есеппен 7 мыңнан астам адам бітіріп шығады
Қазақстанда 5 мыңнан астам дәрігер жетіспейді. Жыл сайын жоғары медициналық оқу орындарын орта есеппен 7 мыңнан астам адам бітіріп шығады. Алайда уақыт озған сайын саладағы маман тапшылығы мәселесі шешімін табудың орнына ушығып барады. Мәселе, Солтүстік Қазақстанда мыңдаған балаға бір ғана кардиолог, ревматолог пен гематоонколог жұмыс істейді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
РЕСЕЙДЕН ДӘРІГЕР ШАҚЫРУ ЖОСПАРЛАНЫП ОТЫР
Көп жылдардан бері дәрігер тапшылығы мәселесі шешілмей келе жатқан өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Былтыр теріскейдегі емдеу мекемелеріне басқа өңірлерден 280 жас маман келді. Алайда 220 дәрігер жұмыстан кеткен. Осылайша, кадр жетіспеушілігі түйінін тапқан жоқ. Сондықтан шет елдерден маман шақыру мәселесі қарастырылуда.
«Егер жақсы жағдай ұсынсақ, Қазақстанға келіп, жұмыс істегісі келетіндер табылады. Көршілес Омбы, Түмен облыстарында барып, жоғары оқу орындарының студенттерін шақыруға болады. Қазір ресейліктердің Қазақстанға ағылып жатқаны жасырын емес. Шақырсақ, келіседі деп ойлаймын. Медициналық қондырғылар бар, онымен жұмыс істейтін маман жоқ. Немесе керісінше, дәрігер бар, арнайы қондырғылар жоқ. Жас мамандар ауылдарға барғысы келмейді. Себебі орталықтандырылған су жоқ, пеш жағу керек. Олар жұмыс істей ме, пеш жаға ма? Маман тыпшылығын жою үшін осы мәселелерді шешіп алу қажет», - дейді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров.
«АПТАЛАП КЕЗЕК КҮТЕМІЗ...»
Ал оның зардабын қарапайым тұрғындар тартып жүр. Дәрігерге жазылу үшін апталап, кейде айлап кезек күтуге тура келеді. Өңірде бір ғана балалар ревматологы, кардиолог пен гематоонколог жұмыс істейді.
«Айдың басында эндокринологқа жазылған едік. Кардиологқа көріну үшін тағы да жарты ай күтеміз. Бүгін бірінші рет облыстық емханаға келіп тұрмыз. Бұған дейін дәрігер қабылдауына жазыла алмай, жекеменшік кабинеттерге баруға тура келді. Қызымның денсаулығын қадағалап, ай сайын мамандарға қаралып тұру керек», - дейді Мамлют ауданы Соколовка ауылының тұрғыны Екатерина Отрадных.
ӘЛЕМДЕ ДӘРІГЕР ТАПШЫЛЫҒЫ 13 МЛН-ҒА ЖЕТУІ МҮМКІН
Дәрігер тапшылығы мәселесі – әлемдік проблемаға айналып отыр. Мамандар болжамынша, медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі жуық арада 13 млн-ға жетеді. Депутат Магеррм Магеррамов Қазақстанда бұл мәселенің шішімін таппай отырғанына мемлекеттік органдарды айыптайды. Себебі, білім беру бағдарламаларын жасау кезінде өзара келісім жоқ. Өзекті мәселені Парламентте Мәжіліс депутаттары да көтерді. Олардың айтуынша, мемлекеттік органдардың медицина маманын дайындауға грант бөліп жатқаны жеткіліксіз.
«Мемлекеттік білім гранты «бакалавриат» деңгейіне ғана бөлінеді. Ал толыққанды маман атану үшін түлектер Интернатура бітіруге міндетті. Қазақстанда жалпы медицина бакалавры мамандығы бойынша дәрігер болып жұмыс істеуге болмайды. Осылайша, жас мамандар мейірбике болып қана еңбек ете алады. Не үшін орта меицина қызметкерін дайындау үшін бес жыл бойы жылына 1 млн теңге шығындаймыз», - дейді Магеррам Магеррамов ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты.
АРНАЙЫ МАМАНДАР ЖЕТІСПЕЙДІ
2018 жылы Петропавлдағы Қозыбаев университетінің жанынан медицина факультеті ашылды. Жалпы медицина және фармация мамандықтары бойынша 500 студент білім алып жүр. Биыл алғашқы түлектер дипломға ие болды.
«Қазақстанда енгізілген білім беру жүйесі бойынша дәрігер болу үшін бірнеше деңгейде білім алу керек. Бакалаврит дипломымен дәрігер ретінде жұмыс істеуге болмайды. Интернатураға берілетін грант саны өте шектеулі. Сондықтан, біз облыс әкімдігіне жергілікті университетті тамамдайтын студенттерге грант бөлу мәселесін қарастыруды ұсындық. Құзырлы орган оны қарастырып, оң шешім шығарады деген сенімдемін. Біздің аурханада 20 маман тапшы. Олардың міндетін штаттағы дәрігерлер атқарады. Жыл сайын медициналық оқу орындарының түлектерін шақырамыз», - дейді облыстық көпбейінді аурухананың бас директоры Сәкен Әмрин.
Өңірдегі емдеу мекемелеріне 200-ден астам маман қажет. Теріскейге келген мамандарға 3,5 млн теңгеге дейін көтермеақы беріліп, баспанамен қамтамасыз етіліп келді. Қазір әлеуметтік қолдауды арттыру мәселелері қарастырылуда.
Дәрігер жетіспеушілігі шалғай елдімекендермен қатар, үкен қалаларда да бар. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жалпы Қазақстан бойынша денсаулық сақтау жүйесінде 14 мың кадр жетіспейді. Оның жартысына жуығы дәрігер болса, қалғаны орта медициналық қызметкер. Ең көп тапшылық Нұр-Сұлтан қаласында тіркелген. Атап айтар болсақ, 1000-нан астам дәрігердің орны бос тұр. Одан кейінгі тізімді Қостанай және Алматы облыстары жалғайды. Әсіресе, анестиезолог-реаниматолог, инфекционист, эпидемиолог пен жалпы практика мамандары қат.