Республикалық маңызы бар екі жол учаскесі әлі жабық тұр – «ҚазАвтоЖол»
Ауа райына байланысты жолдың көріну деңгейі әлі жақсарған жоқ
Қолайсыз ауа райына байланысты жолдың көріну деңгейі нашарлағандықтан, республикалық маңызы бар екі жол учаскесі жабық тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
QazAvtoJol республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұлттық операторының мәліметінше, 24 қаңтар сағат 10:00 ақпаратқа сәйкес 2 облыста көрінудің шектелуіне байланысты 2 күре жол учаскесі жабық күйінде қалып отыр.
«Шығыс Қазақстан облысында: Алматы – Өскемен тасжолының Қалбатау ауылынан Қасым Қайсенов ауылына дейінгі аралығы көліктің барлық түрі үшін жабық тұр. Сондай-ақ Жетісу облысында Үшарал – Достық тасжолының Көктұма бекетінен Достық бекетіне дейінгі аралығында көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа енгізілген шектеу әлі де сақталуда», - делінген «ҚазАвтоЖол» хабарламасында.
Жолдарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстарын атқару үшін 320 бірлік жол-пайдалану техникасы және 410 маман жұмылдырылды. Бір тәулік ішінде 800 м3 көктайғаққа қарсы материал пайдаланылды.