Алдағы сайлауда сайлаушылар бес бюллетеньге дауыс береді
ҚР Мемлекеттік кеңесші Еран Қарин алдағы сайлаудың 10 басты жаңалығын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Тиісті жазбаны ол өзінің Telegram арнасында жариялады.
Бірінші. 2004 жылдан кейін алғаш рет Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады (98 депутаттың 29-ы);
Екінші. Үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік туды;
Үшінші. Бұл кезектен тыс сайлау болғанымен, оның өтетін мерзімі жарты жыл бұрын белгілі болды;
Төртінші. Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді;
Бесінші. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады;
Алтыншы. Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды;
Жетінші. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған сайлау бюллетендеріне енгізіледі;
Сегізінші. Сайлауға 7 саяси партия қатысуға құқылы. Оның екеуі партиялар туралы заңның жаңа нормалары күшіне енгеннен кейін тіркелді;
Тоғызыншы. Облыстардағы аймақтық сайлау комиссиялары енді кәсіби түрде жұмыс істейді;
Оныншы. Сайлаушылар бес бюллетень бойынша дауыс береді (республикалық маңызы бар қалалардағы бюллетень саны төртеу).
Айта кетейік, Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды, сондай-ақ барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы шығарды. Мемлекет басшысы 2023 жылғы 19 наурызға Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауын белгіледі.
Өз кезегінде ОСК мәлихат депутаттарын сайлау күні де 19 наурызға белгіленгенін хабарлады.