Себебі елімізде жастар санатына жататын азаматтардың жасы 35 жасқа дейін ұзартылған
Қазақстанда жастарды тұрғын үймен қамтуға бағытталған бағдарламаларға түзетулер енгізіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадыров мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, жастар санатына кіретіндер 29-дан 35 жасқа дейін ұлғайған соң, елдегі жастардың саны 5,8 млн адамға жеткен.
«Демек жастар саясатының аясы да кеңейе түспек. Мәселен, «Тәуелсіздік ұрпақтары», «Zhas Project», «Дарын» сыйлықтары, одан басқа бизнес жобаларға қатысу мен мемлекеттік гранттар алу мүмкіндігі артады. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдарға жастарға жеңілдікпен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын әзірлеп, іске асыру бойынша жаңа құзырет беруге бағытталған түзетулер қарастырылып отыр. Әкімдіктер «Отбасы банкімен» бірлесіп 35 жасты қоса алғанда, азаматтар қатыса алатын жастарға арналған өңірлік тұрғын үй бағдарламаларын әзірлей алады»,- деді Қадыров
Министр орынбасарының айтуынша, жастар саясаты туралы жаңа заң аталған саланы жетілдіруге, қоғамдық қатынасты реттеудің құқықтық негізін қалыптастыруға және жастарды еңбекпен қамтуды арттыруға бағытталған.