Былтыр елімізде барлығы 40,6 миллион теңгеге 134 азамат ынталандырылды
Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарын әшкерелеуге көмектескені үшін облыс тұрғыны параның жалпы сомасының 10%-ын, яғни 12,2 миллион теңге сыйақы алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2022 жылы барлығы 40,6 миллион теңгеге 134 азамат ынталандырылды. Ең үлкен сыйақы көлемі Атырау және Қызылорда облыстарында берілді.
«Сыбайлас жемқорлық қылмыстарды ашуға жәрдемдесетін азаматтарды көтермелеу қағидаларына сәйкес төлемдер азаматтар хабарлаған адамдарға қатысты сот үкімі шығарылғаннан кейін жүргізіледі. Сонымен қатар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет ақпарат берушілердің толық құпиялылығын қамтамасыз етеді», - агенттік өкілдері.
Осы жылдың 3 қаңтарынан бастап азаматтардың бұл санаты куәгерлерді қорғау бағдарламасына түседі.
«Сыбайлас жемқорлық фактісі туралы кез келген азамат 1424 телефоны бойынша Антикордың Call-орталығына хабарлай алады немесе жұмыс күндері сағат 9:00-ден 17:00-ге дейін әр аумақтық департаменттің Antikor Ortalygy-на бара алады», - делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, 2022 жылы Антикор Call-орталығына 27 мыңнан астам қоңырау келіп түсті, оның ішінде жемқорлық құқық бұзушылық фактілері бойынша 233 хабарлама түсті. 37 хабарлама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 18 сотқа жолданды, сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімі бойынша 20 тоқтатылды, 25 ведомстволық бағыныстылығы бойынша жолданды.
Өтініштердің көпшілігінде: қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартпағаны үшін пара талап ету, өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, «қамқорлық» көрсеткені үшін, мемлекеттік сатып алу саласындағы бұзушылықтар және лауазымды тұлғалардың басқа да заңсыз әрекеттері сияқты фактілер бар.