Бұл туралы Г.В.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университеті аймақтық дамуды сандық зерттеу әдістері зертханасының меңгерушісі Елена Егорова айтып берді, деп хабарлайды РИА Новости
Сарапшы БҰҰ мен Дүниежүзілік банк деректеріне сүйеніп, қазір Ресейдегі мигранттардың саны 12 млн адамды құрайтынын айтады. Ал мигранттар саны бойынша АҚШ бәрінен озып тұр, ол елдегі мигранттар саны 50 млн адамнан асқан.
«Мигранттардың үлесі бойынша ТМД көлемінде Қазақстан көш бастап тұр (20%), ал Грузия мен Әзірбайжан елдеріндегі мигранттардың үлесі бар болғаны 2% ғана. Ресейдегі мигранттардың ел халқының арасындағы үлесі 8%-ды құрайды », - дейді сарапшы.
Сондай ақ, осыдан бірнеше күн бұрын Дүниежүзілік банк өз есебінде Еуропа мен Орталық Азиядағы экономикалық өсімнің бәсеңдеп, демографиялық жағдайы нашарлап бара жатқанын айтты. Және мигранттардың келуі осы мәселелерді шешуге көмектесе алатындығын атап өтті. Дүниежүзілік банктің Еуропа мен Орталық Азия бойынша бас экономисі Асли Демиргюч-Кунт мигранттардың көбіне жұмыс жасындағы адамдар екенін, олардың жұмыс күшінің санын көбейту, өнімділікті арттыру және экономикалық өсуді жеделдету арқылы демографиялық қысымды төмендететінін айтады.