Петропавл зауыттарында маман тапшы

Автор: Эльмира Мәмбетқызы

СҚО-ның жаңа әкімі қаладағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты

Солтүстік Қазақстан зауыттарында маман тапшы. Кәсіпорын басшылары облыс әкімімен кездесу барысында осындай мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

Солтүстік Қазақстанның жаңа әкімі Айдарбек Сапаров қаладағы кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Шенеунік Киров атындағы және «Мұнаймаш» зауыттарына сонымен қатар, «Трибо» және «ПетроМашЗавод» ЖШС- ға барды.

90 жылдық тарихы бар Киров атындағы зауыт мұнай, темір жол, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларын цифрландыруға қажетті құрылғыларды шығарады. Кәсіпорын 3D принтерлерді, дәлдігі жағынан 5-дәрежелі баспа платаларды, цифрлы телевизия және ұялы байланыс кешендеріне арналған өнімдерді жасайды.

«Өзіміз үшін шамамен 1,5 млрдқа баспа платаларын шығарамыз, экспортқа 150 млн теңгеге келісім шартымыз болды. Әрине, басты мақсатымыз - өзге мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатып, шығарылатын өнімнің көлемін арттыру. Тапсырыстар көбіне Алматы, Астана қалаларынан және көрші Ресейден түседі», - дейді «Киров атындағы зауыт» АҚ бас директорының орынбасары Айнагүл Рахметова.

Зауыт қорғаныс саласына қажетті қондырғыларды шығарумен де айналысады. Соңғы 10 жылда 115 командалық штабтық машиналарды құрастырды. Ал 2020-шы жылы кәсіпорын компьютерлер мен планшеттерді құрастыруды қолға алды.

«Мұнаймаш» зауыты ауылшаруашылығы техникасын және бүгінгі таңда мұнай өңдеу саласына арналған бөлшектерді істеуді қолға алған. Мамандардың сөзінше, шығарылатын өнімге сұраныс жоғары. Мәселен, былтыр 6 млрд теңгенің бұйымын жасаған.

«Бүгінгі таңда өсім 120 пайызға артқан. Биылғы жылы салық аударымдары 750 млн теңгені құрады. 2023 жылға жоспарымыз ауқымды. Қазірдің өзінде 1 млрд теңгеге келісім-шарт жасалды», - дейді «Мұнаймаш» АҚ бас инженері Федор Дмитриев.

Кәсіпорындағы басты мәселе – кадр тапшылығы. Дәл осындай проблема мұнай және газ кен орындарын, сондай-ақ сорғы станцияларын жабдықтауға арналған мұнай кәсіпшілігі және блоктық жабдықтар шығаратын «ПетроМашЗавод» серікстесітігінде де бар. Өткен жылы шығарылған өнім көлемі 2,5 млрд теңгеден асты. Қазіргі уақытта мұнда 2 ауысымда 150 маман еңбек етеді.

«Облыс кірісін көтеру үшін проблемалармен танысып жатырмыз. Кадр тапшылығы, мемлекет қолдауы мәселелері бар. Оны тез әрі кетсе жарты жылда шешіп беруіміз керек. Сонда бұл кәсіпорындардың шығындары азаяды», - деді Айдарбек Сапаров.