Елнұр Бейсенбаев: Мақсат – халықпен тығыз әрі ашық жұмыс істеу

Автор: Azattyq Rýhy

«AMANAT» партиясының жаңа Атқарушы хатшысы үлкен жұмыс күтіп тұрғанын айтты

Фото: facebook.com/elnur.beisenbaev

Елнұр Бейсенбаев «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы болып тағайындалуына байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты мандатын тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдей келе, Парламент Мәжілісі мол тәжірибе жинап, кәсіби тұрғыдан шыңдалуына ерекше ықпал еткен үлкен мектеп болғаны сөзсіз екенін айтты.

«Мәжілісте заң жобаларын талқылау мен қабылдау, түйінді мәселелер бойынша депутаттық сауал жолдау, халықпен тікелей жұмыс істеу сияқты міндеттер маған ел өміріне терең бойлауға, қоғамдық-саяси жұмыстың ортасында болуға мүмкіндік берді.

Енді «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы деген жауапкершілігі жоғары міндет жүктеліп отыр. Осы орайда маған зор сенім білдірген «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов пен барша партияластарға айрықша ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті Елнұр Бейсенбаев.

Ол алдағы уақытта бәрін үлкен жұмыс күтіп тұрғанына тоқталды.

«Мемлекет басшысының жаңару мен жаңғыруға бағытталған реформаларына қолдау білдіре отырып, халықпен тығыз әрі ашық жұмыс істеу, өзекті қоғамдық мәселелерге арналған партиялық жобаларды жүзеге асыру, алдағы сайлау науқанында ел үдесінен шығатын жұмысты пысықтау сияқты ортақ мақсатымыз бар. Сондықтан да алға қойған міндеттерді жоғары деңгейде орындау үшін барлық тәжірибемді жұмсауға күш саламын.

Сондай-ақ замандас әріптесім, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы қызметін жемісті атқарған Асхат Ораловқа да арнайы рахмет айтқым келеді. Асхат Раздықұлы партияның тарихи кезеңінде аса ауқымды жұмыс атқарды. Саяси ұйымның заманауи трансформациясын сәтті іске асырып, нәтижелі өзгерістер жасады.

Ендігі кезекте партияда бір жыл ішінде атқарылған қоғамдық әрі саяси реформаларды ары қарай жалғастыру және күшейту жолында бірге қызмет етеміз», - деп жазды Е. Бейсенбаев.