Банкроттыққа өтініш беру наурыз айынан басталады - Қаржы министрі

Автор: Әйгерім Ердәулет

Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңда 3 түрлі рәсім көзделген

Фото ашық дереккөзден

Наурыз айынан бастап қазақстандықтар өздерін банкрот деп жариялай алады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

30 желтоқсанда "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы" заңға қол қойылған. Заң 1 қаңтарда ресми түрде жарияланды.

Оның айтуынша, халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңда 3 түрлі рәсім көзделген.

Бірінші рәсім - соттан тыс банкроттық. Оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.

Нақты келесі шарттар сақталуы қажет:

  •  борыш 5,5 млн. теңгеден аспайды;
  •  кредит 12 ай бойы өтелмеген болса;
  •  меншігінде тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмаған жағдайда;
  •  банкпен реттеу жүргізілгеннен кейін.

Екінші рәсім - сот банкроттығы.

Сот банкроттығының мақсаты банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру болып саналады.

Бұл рәсімді қаржы басқарушылары жүзеге асырады. Олардың құрамына жұмыс істеп тұрған әкімшілер, кәсіби бухгалтерлер, заң кеңесшілері мен аудиторлар кіреді.

Үшінші рәсім, бұл - төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Онда сот арқылы борышты бөліп-бөліп төлеу  мүмкіндігі көзделеді. Оның артықшылығы - азамат «банкрот» деп саналмайды. Демек, банкрот үшін көзделген салдардың оған қатысы жоқ.

Айта кетейік, банкроттықтың салдары мыналар:

  •  5 жыл ішінде қарыздар мен кредиттер алуға шектеу;
  •  банкроттықты 7 жылдан кейін ғана қайта қолдану мүмкіндігі;
  •  3 жыл бойында қаржы жағдайының мониторингі жүргізіледі.