Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат мәлімдеді
Мәжіліс депутаты, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің хатшысы Сәлімжан Нақпаев жылу және электр энергетикасы мәселелері бойынша ілеспе заң жобалары бойынша баяндама әзірлеп, әріптестеріне таныстырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жылу энергетикасы туралы заң жобасының негізгі мақсаты - осы саланың сенімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді қалыптастыру. Заң жобасын қабылдау жылу энергетикасы саласын құқықтық реттеу қағидаттарын белгілеуге, оның инвестициялық тартымдылығын арттыруға, сондай-ақ реттеудің қазіргі заманғы әдістеріне негізделген тиімді тарифтік саясатты енгізуге мүмкіндік береді», - деді депутат.
Ілеспе заң жобасында нарықты теңгерімдеу тетіктері мен электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату тетіктерін енгізу және уәкілетті органның бақылау функцияларын күшейту бөлігінде электр энергетикасы саласын реформалауға бағытталған нормалар енгізіледі.
Сәлімжан Нақпаевтың айтуынша, жылу энергетикасы саласындағы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік ұсынылады.
Депутат комитет заң жобаларын жұмысқа қабылдауға және олар бойынша қорытынды әзірлеуге дайын екенін жеткізді.
Депутаттар «Жылу энергетикасы туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жылу энергетикасы және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөнінде қаулыны дауысқа салып, тиісті құжатты қабылдады.