Былтыр наурыз айында теңге бағамы доллар бойынша 512,17 теңгеге дейін әлсіреген
2022 жыл еліміз үшін өте күрделі болды. Оның негізгі себептері: Ресей мен Украина арасындағы соғыс, шикізат тауарлары бағасының өсуі, әлемдегі рекордтық инфляция және соңғы 20 жылдағы орталық банктердің ең қатаң монетарлық саясаты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның сөзінше, 2022 жылы бұрын-соңды болмаған шок салдарынан әлемде және Қазақстанда жаһандық іскерлік белсенділіктің төмендегені байқалды. Дегенмен өткен жылдың желтоқсан айында жаһандық іскерлік белсенділік 48-ден 48,2-ге дейін біршама жақсарды. Бұл өңдеу өнеркәсібіндегі индекстің артуынан және қызмет көрсету саласындағы тұрақтану есебінен болды. Ал жаһандық іскерлік белсенділіктің өсу перспективасына геосаяси шиеленіс, жоғары нарықтық құбылмалылық, инфляциялық қысым, энергия бағасының көтерілуі, үй шаруашылығындағы кірістердің әлсіз өсуі теріс әсер етуде.
Десе де қаржы нарықтарындағы құбылмалылық сақталып отыр.
«Орталық банктер ақша-кредит талаптарын күшейтіп отыр. Нәтижесінде мемлекеттік облигациялардың кірістілігі өсті. Соның салдарынан қазіргі таңда Bloomberg бақылап отыратын теріс кірістілігі бар әлемдік мемлекеттік облигациялар тізімінде ешқандай ел қалмады. Инфляцияны тежеу үшін дамыған елдердегі орталық банктердің ақша-кредит талаптарын күшейтуі 2008 жылы қаржылық дағдарыс басталғаннан бері әлемдік нарықта акциялар мен облигациялардың барынша құлдырауына алып келді», - деді Пірматов.
Ұлттық банк Төрағасы 2022 жылы Қазақстандағы инфляция геосаяси шок салдарынан жеделдегенін атап өтті.
«Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өсті. Импорттың жоғары үлесі бар тауарларға, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарларға, жуатын және тазалайтын заттарға, құрылыс материалдарына, дәрі-дәрмекке баға тез өсіп отыр», - деді Ұлттық банк Төрағасы.
2022 жылы геосаяси жағдайдың шиеленісуі және жаһандық қаржы нарықтарындағы қолайсыз ахуал ұлттық валютаның динамикасына теріс әсер етті. Наурыз айында теңге бағамы 512,17 теңгеге дейін әлсірегеннен кейін мамыр айында 414,79 теңгеге дейін нығайды. Жыл қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 доллар үшін 462,66 теңгеге дейін 7,1%-ға әлсіреді.