Қарағандыда 260 бала білім алатын мектеп қыстың қақ ортасында жабылып қалды
Себебі білім нысаны апатты жағдайда тұр

Қарағандыда 260 бала білім алатын мектеп қыстың қақ ортасында жабылып қалды. Себебі білім нысаны апатты жағдайда тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Қабырғасы өткен ғасырдың қырқыншы жылдары салынған ғимарат биылдан қалмай бұзылады. Ал оқушылар қайда барады? Қысқы каникулдан кейін мұнда сабақ болмайды. Себебі ТЖ мамандары нысанның аса қауіпті екенін айтқан. Сондықтан білім бөлімі оқушылар мен мұғалімдердің жүктемесін сақтай отырып, барлығын көрші мектепке көшірген.
Ескі мектепте тек бірнеше жұмысшы қалып, отын жағып, қарын күреп, жазға дейін күзетіп отырады. Сонан соң ғимарат сүріледі. Іші сырты түгел сүреңсіз болған мектептің орнына жаңасы салынбақ. Құрылған арнайы комиссияның қортындысы 2 томды құраған. Оның ішіндегі ең басты талапқа қайшы тұстары – сыртқы қабырғаларының ашылып кетуі мен екінші қабатта екі бірдей сынып жабылған, себебі төбесі құлаудың аз-ақ алдында тұр. Шәкірттер білімін жалғастыратын 64-ші мектеп осы. Қазіргі оқу орнынан шамамен 2 аялдама қашықтықта. Білім бөлімі автопаркпен келісіп оқушыларды тегін тасымалдайтын болған. 64-ші мектепте 75 жылға жуық уақыт бұрын салынғанымен биыл күрделі жөндеуден өткен. Кең, спорт залы бар, сыныптары жетерлік дейді білім бөлімі өкілдері.
«64-ші мектеп енді 600 балалық мектеп болса, онда қазір 360-тай бала оқып жатыр. Сондықтан ондағы екінші ауысым мен ауысым аралық мерзімге 44-ші мектеп балалары орналастырылды. Балаларға еш қиындықсыз білім алуға мүмкіндік бар деп есептейміз. Мына мектеп сүрілетін болса, оның орнына жаңа 300 орындық мектеп салынады деген жоспар бар. Өйткені қазір осында 260 бала ғана оқып отыр», - деді Қарағанды қаласы білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.
Атап өткен жөн, Қарағанды қаласында 82 мектеп бар. Оның оннан астамы жарты ғасыр бұрын салынған. Салдарынан қазіргі білім беру талаптарына сай келе бермейді. Құрылысы да сыр бере бастаған. Сондықтан ТЖ комитеті биылдан бастап құрылысы 50 жылдан асқан мектептерді жіті тексере бастапты.