Юлия Пузина өзіне қол көтерген басшысын жазалау үшін қоғамдық қозғалысқа өтініш білдірген
Павлодар қаласында тұратын Юлия Пузина есімді азаматша осыдан біршама уақыт бұрын жұмысындағы басшысы ұрып-соққанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның бұл мәлімдемесін «НеМолчи» қозғалысының жетекшісі Дина Тәңсәрі әлеуметтік желіде жариялаған. Жәбірлендім деген азаматшаның айтуынша, оны ұрып-соққан азаматты сот ақтап шыққан көрінеді.
«Менің атым Юлия Пузина. 2014 жылдан бері Павлодар қаласындағы «Астана» мұз айдынында спорт бойынша инструктор болып жұмыс істеймін. Осы мекеменің бұқаралық спорт шаралары жөніндегі жетекшісі Қалиев есімді азамат мені жұмыс уақытында соққыға жықты. Ол бұл мекемеде бір жыл тоғыз ай жұмыс істеген», - дейді Юлия Пузинаның өзі ұйымға жазған хатында.
Жұмысына небәрі 10 минутқа кешіккен ол соққыға жығылғанын жеткізді. Айтуынша, оқиға 2022 жылдың 30 қарашасында болған. Содан бері екі рет сот өтіп, судья жәбір көрушінің тарапынан дәлел жеткіліксіз деген, сәйкесінше Қалиевті кінәсіз деп тапқан.
«Мені соққыға жыққан күннің ертеңінде мені көрген әріптестерімнің ешқайсысын қаулыға қоспаған. Ал сол күні Павлодар қаласының қалалық ауруханасына алып барған құрбымды тіпті назарға алмай, оны менің мүддемді ойлайтын адам деп тапқан. Дәрігердің жазбасында миым шайқалғаны, сол жақ бетімнің көгергені, сол жақ өкшемнің жараланғаны жазылған», - дейді әділдік іздеймін деген Пузина.
Оның айтуынша, ең сорақасы, бұл оқиғадан кейін мекеме басшылығының оған деген көзқарасы өзгеріп кеткен.
«Әрбір жұмыс ауысым аяқталған соң не директор немесе басқа қызметкер шақырып, түсініктеме жаздырады. Менің кабинетімді тінтеді. Артыма күзетшілерді салған. Құдды бір адам өлтірген қылмыскер сияқтымын. Ал Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында қызметкерлердің барлығы сыйақы алды, әрине менен басқасы. Айта кетейін, мені ұрған Қалиевтің әйелі біздің мекеменің бас есепшісі...», - дейді ол.
Осылай деген келіншек енді мәселені бұқаралық ақпарат құралдарына шығарып, әділдік іздеймін дейді. Оның хабарлауынша, оның ісі Павлодар облыстық сотында қайта қаралмақ.