Мұндай көрсеткіш бірнеше жыл қатарынан сақталып келеді
Былтырғы үшінші тоқсанда жұмыссыз халық саны 450,3 мың адамды құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1% - ға аз. Қазақстанда жұмыссыздар саны екінші жыл қатарынан қысқарып жатыр. Бірақ 2019 жылдың үшінші тоқсанымен салыстырғанда көрсеткіш әлі де 1,9% - ға жоғары болып отыр, деп хабарлайды Azattyq ruhy Energyprom.kz-ға сілтеме жасап.
Елде жұмыссыздық деңгейі бір жылда өзгерген жоқ. 2022 жылдың үшінші тоқсанында 4,9%-ды құрады, бұл ретте 2020 жылдың тиісті кезеңінде көрсеткіш 5%-ға жетті, ал 2019 жылдың үшінші тоқсанында ол 4,8% -ты құрады.
2022 жылдың үшінші тоқсанында жұмыссыздықтың ең жоғары деңгейі Түркістан және Маңғыстау облыстарында байқалды.
ҚР бойынша орташа деңгейден Алматы мен Шымкентте, сондай-ақ Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарында жұмыссыздық деңгейі жоғары болды.
Жұмыссыздықтың ең төмен деңгейі Ұлытау облысында байқалды: 4,1%. Одан кейін Қарағанды облысы (4,3%) және Астана (4,5%) келеді.
Қалалар бойынша жұмыссыздық деңгейі ауылдарға қарағанда жоғары 4,9% көрсеткішке қарсы 4,8%.
Сонымен қатар өткен жылмен салыстырғанда қалаларда жұмыссыздық деңгейі төмендеді, ал ауылдарда, керісінше өсті.
Қалалық жерде жұмыссыз халық саны бір жыл ішінде 271,2 мың адамға дейін қысқарды, ал ауылда 179,1 мың адамға дейін өсті.
Гендерлік тұрғыдан алғанда, әйелдердің жұмыссыздық деңгейі ерлер деңгейінен едәуір жоғары. Бұл 2012 жылдан бергі ең үлкен алшақтық болып отыр. Бір жыл бұрын әйелдердің жұмыссыздық деңгейі 5,5%, ал ерлер деңгейі 4,3% құрады.
ҚР-да жұмыссыз әйелдер саны бір жылда бірден 4,3% - ға өсіп, 2022 жылдың үшінші тоқсанында 257,4 мың адамға жетті, ал жұмыссыз ерлер саны 5,5% - ға, 192,9 мың адамға дейін қысқарды.