Мұндай құқықбұзушылыққа барғандар бас бостандығынан айырылуы мүмкін
Елімізде азаматтардың дербес деректерін немесе елімізде шектеу қойылған электрондық ақпараттық ресурстардың мәліметтерін таратқандарға жаза қатаңдатылады. Бұл туралы ашық талқыға шығарылған «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заң жобасында көрсетілген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Азаматтардың дербес деректерін немесе Қазақстан Республикасының заңдары немесе олардың меншік иесі немесе иеленушісі қолжетімділікті шектеген өзге де мәліметтерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды құқыққа сыйымсыз тарату – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 2 жылға дейінгі мерзімге айырумен жазаланады. Сонымен бірге 400 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады не 400 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұған қоса, 1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айырумен жазаланады», - деп көрсетілген Заң жобасында.
Айта кетейік, қолданыстағы заңда мұндай қылмыстар үшін қандай да бір қызметпен айналысу құқығына 3 жылға дейін шектеу қойылады немесе 200 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Сондай-ақ, кінәлі 180 сағатқа түзеу жұмыстарына тартылады не болмаса 50 тәулікке дейін қамауға алынады.