Осы құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді
Қазақстанда вандализм мен жеке мүлікті бүлдіргені үшін жаза күшейіп, заң жобасы бекітілді. Бұл туралы ҚР ІІМ өткізген брифингіде белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін қылмыстық жауапкершілік (ҚК-нің 202-бабы) елеулі залал келтірілген жағдайда ғана туындайды. Яғни келтірілген залал сомасы 200 АЕК-тен немесе 690 мың теңгеден асуы тиіс.
«Залар мөлшері оған жетпеген жағдайда азаматтардың өздері дәлелдемелер жинау, бұзушылардың сауалнамалық деректерін анықтау, олардың жүрген жерін білу сияқты мәселелерімен айналысады, өйткені залалды өтеу азаматтық-құқықтық алаңда шешіледі.
Бұл әрине, полициядан көмек күтетін зардап шеккен адамдар мен қоғам тарапынан теріс реакцияны тудырады.
Әдетте, азаматтардың едәуір бөлігі сотқа жүгінбейді, нәтижесінде құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтарып кетеді.
Өздеріңіз білетіндей, жазасыздық одан әрі еркінсуге жол ашады», - деді ҚР ІМ Әкімшілік полиция комитеті басқарма бастығының міндетін атқарушы Азамат Құрымбаев.
Биыл 3 қаңтарда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР Қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» және «ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне экологиялық құқықбұзушылықтар мен вандализм көріністері үшін жауапкершілікті күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойған.
«Мұнда біріншіден, вандализм қылмыстық бабының диспозициясы анықталды және нақтыланды (Қылмыстық кодекстің 294-бабы), оның нормалары «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келтірілді.
Сондай-ақ осы құқық бұзушылықтар үшін санкциялардың төменгі шегі белгіленді.
Енді заң бұзушыға ең төменгі сома – 172 мың теңге немесе 50 АЕК қаралған.
Екіншіден, бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді (ӘҚБтК-нің 147-1-бабы), яғни залал 200 АЕК-тен (690 мың теңге) аспайтын жағдайда.
Үшіншіден, ұсақ бұзақылықтың әкімшілік бабының (ӘҚБтК-нің 434-бабы) диспозициясына «көліктегі мүлікті қасақана бүлдіру немесе өзге де қоғамдық орындарда», сондай-ақ оның құқық бұзушылықтары үшін санкциялар ұлғайтылды», - деді ҚР ІІМ өкілі Азамат Құрымбаев.