Қаңтар оқиғасының өткеніне 1 жыл болды
Қаңтар оқиғасы кезінде жастардың арандатушыларға еруіне түрлі факторлар себеп болды. Ал мұндай олқылыққа жол бермеу үшін Үкімет тиісті шараларды қабылдауы тиіс. Бұл туралы саясаттанушы Самат Нұртаза Azattyq Ruhy тілшісіне берген пікірінде қозғап өтті.
Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысушылардың басым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар болды, 1-3 қаңтар аралығында жиналған азаматтар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді көтергенмен, бүлікшілердің араласуымен арты жаппай тәртіпсіздікке ұласып кетті. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында Бас прокурор Берік Асылов айтқан болатын.
«Бір жерде бір шу шығып жатса, жастардың арасында «жүр, барып көріп келейік, не болып жатыр екен? Не қызық бар екен?» деп еріп кететіндер көп. Міне солардың кейбірі кетіп бара жатқан жерінен оққа ұшты. Сондықтан да жастардың бұл топқа қосылуына бір ғана емес, бірнеше себеп бар ойлаймын. Жалпы жастардың әрекеті олардың өз құндылығына байланысты», - дейді Самат Нұртаза.
Саясаттанушының пікірінше, ел егемендігін сақтап тұратын негізгі құралдың бірі – жастар. Сондықтан да Үкімет олардың жағдайына көбірек көңіл бөліп, әлеуметтік мәселелерді шешу жолында нақты қадамдар жасауы тиіс.
«90 жылдардың басында толықтай бір буын жоғалып кетті. 80 жылдары туғандардың көбісінің жастық шағы жоқшылық кезеңінде өтті. Үлкендер 2-3 жерде жұмыс істеді, ал балаларды көше тәрбиеледі. Көбі жоғары оқу орнын оқи алмады. Ал қазіргі жастар сондай жағдайға тап болмас үшін оларға көбірек қолдау көрсету керек. Баспана мәселесін шеше алмай жүрген жастар қаншама? Әрбір өңірде жастарға басым көңіл бөлінуі тиіс. Мәселен футбол алаңдары салынып, спорт үйірмелері көптеп ашылуы керек. Жастардың қолы бос болмауы тиіс. Адамдар неліктен жаман әдетке тез әуес болады? Себебі бос уақытының көптегінен. Сондықтан да Үкімет осындай мәселерге көбірек көңіл бөлсе деймін», - дейді Самат Нұртаза.