Қазақстанда Отбасының цифрлық картасы іске қосылды

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгінгі таңда ОЦК-да 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған

Фото: ашық дереккөзден

1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік қолдау шараларын проактивті тағайындау үшін жұмыс режимінде Отбасының цифрлық картасы іске қосылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, ОЦК «Smart Data Ukimet» аналитикалық жүйесімен интеграцияланған, ол жүйеде мемлекеттік органдардың барлық дерекқоры жинақталған. Онда табыс деңгейі, жылжымалы және жылжымайтын мүліктің болуы, отбасы құрамы, кредиттің болуы және т. б. сияқты әртүрлі ақпарат қамтылған.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде ОЦК-да Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған. Қолда бар деректер негізінде экономикалық, әлеуметтік, тұрғын үй жағдайлары, денсаулық пен білім бойынша отбасының әл-ауқат деңгейін бағалауға және қадағалауға мүмкіндік беретін талдаулар жүргізіледі, ал әлеуметтік тәуекел туындаған жағдайда ОЦК жәрдемақы немесе әлеуметтік төлемді проактивті түрде алуға мүмкіндік береді», - делінген хабарламада.

Ол үшін ОЦК арқылы әлеуетті жәрдемақы алушыға SMS-хабарлама жіберіледі және оң жауап болған жағдайда оған тиісті төлем тағайындалып, тиісті қаражат банктік шотына аударылады.

«Қазіргі таңда ОЦК-да жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрі бойынша қызметтер алу мүмкіндігі берілген: жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; асыраушысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдер; мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) берілетін жәрдемақылар, мүгедектігі бойынша жәрдемақылар; көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар; «Күміс алқа» немесе «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға берілетін жәрдемақылар; атаулы әлеуметтік көмек. Сондай-ақ, азаматтарға ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама жіберіледі», - дейді мамандар.