Бас прокурор төңкеріс жасауға алдын ала дайындық болғанын айтты
Мәжіліс отырысынан кейін ҚР Бас прокуроры Берік Асылов тілшілер алдында қаңтар оқиғасының ықтимал басты ұйымдастырушысын атады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Төңкеріс жасауға алдын ала дайындық болған. Қаңтардағы тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушылары ретінде, бұған дейін айтқанымдай, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бірінші басшыларына, Кәрім Мәсімовке қатысты қылмыстық істер қозғалды», - деп атап өтті Берік Асылов.
Тілшілер Бас прокурордан Кәрім Мәсімовке қатысты тікелей сұрақ қойды.
«ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовті тәртіпсіздіктердің басты ұйымдастырушысы деп санауға бола ма?» - деп сұраған тілші сауалына:
«Солай айтуға болады», - деп жауап берді Берік Асылов.
Тақырыпқа орай: Арнайы сценарий бойынша қоғамдағы татулықты әдейі шайқаған – Асылов қаңтар оқиғасы туралы
Айта кетерлігі, бүгінгі Мәжіліс отырысында Бас прокурор 5 қаңтарда ҰҚК экс-басшысы Кәрім Мәсімов ҰҚК департаменттерінің ғимараттарын тастап кетуге бұйрық бергенін айтқан еді.
Еске салайық, 2022 жылғы 6 қаңтарда ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР Қылмыстық кодексінің 175-бабы 1-бөлігі бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Сол күні аталған қылмысқа қатысы бар деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да лауазымды тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
7 қарашада ҚР Бас прокуратурасы тергеу органының айыптау актісін бекіткенін хабарлады. Қылмыстық іс қарау үшін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жіберілді.
18 қарашада Кәрім Мәсімовтің ісіне қатысты сот басталды. Оған қатысты іс «аса құпия» деген белгімен қаралып жатыр.