Көпшілігіне бас бостандығынан айырмайтын шаралар қолданылды – Ахметжанов қаңтар оқиғасы туралы

Автор: Аягөз Құрмаш

631 айыпталушының ісі сотқа жолданған

Фото: ашық дереккөзден

Қаңтар оқиғасы кезінде ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған 12 адам анықталған. Бұл туралы Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

«Адамдардың көпшілігіне бас бостандығынан айырмайтын шаралар қолданылды. Төтенше жағдай кезінде ауыр қылмыс жасаған кәмелетке толмаған 12 адам анықталды. Оларға қарсы бұлтартпау шарасы бас бостандығын айырмау шарасына өзгертілді. Жалпы тергеу қылмыстық процесс 3 буынды модельмен жүргізілді, яғни, тергеушілер барлық негізгі шешімді прокурордың қадағалауы арқылы келісім және соттың бақылауымен жүргізді», - деді ол.

Министр атағандай, 631 айыпталушының ісі сотқа жолданды.

«Олардың 132-сі бас бостандығына айырылды. Қалғандарына шектеу және қоғамдық жұмыстар мен айыппұлдар салынды. Бірқатар күдікті жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен өтеді. Татуласу нәтижесінде кейбір істер тоқталды: 44 іс тергеу барысында, 14-і сот барысында. Бүгінде рақымшылық туралы заң 980 адамға қолданылды. Қамаудан 76 адам босатылды. 94 сотталған адамның мерзімі қысқарды. Қазір өндірісте 36 қылмыстық іс бар», - деді ол.