Қаңтар оқиғасына бір жыл толып отыр
Қасіретті қаңтар оқиғасының болғанына да бір жыл уақыт өтті. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бастан кешкен оқиғаларымен бөлісті, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
Қаңтар трагедиясы кезінде Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей және басқа да қалаларда 1 466 нысан бүлінген. Оның ішінде – 71 мемлекеттік мекеме, дәлірек айтқанда, 12-сі – әкімдік ғимараты, 27-сі – полиция бөлімшесі. Оған қоса 1 395 бизнес нысаны бүлінген. ІІМ-нің мәліметінше, 700 көлік қираған. Оның ішінде жекеменшік авто, жедел жәрдем, полиция, өрт сөндіру мен қызмет көліктері бар.
Бұл күндері қауіпсіздік пен тәртіпті қадағалауға шыққан қоғамдық тәртіп қызметкерлері жәбір көргені рас.
Осы орайда 5546 әскери бөлім командирі полковник Манат Наукеевті əңгімеге тарттық. Ол оқиға бір жыл бұрын болса да барлығы кеше болғандай есте сақталғанын айтты. Наукеев 5 қаңтар күні Атырау облысы əкімдігінің ғимараты маңында қоғамдық тəртіпті сақтау үшін өңірлік полиция департаментімен бірге əскери бөлімнің резервін бастап барған.
«Əкімдік ғимаратының аумағында 3 мыңның шамасында адам болды. Ал сарбаздың саны – 150. Бізді көре сала тиісе бастады. Бəрінің айтатыны бір сөз: «Халыққа қарсы шықпаңдар, пагондарыңды жұлып, əскери киімдеріңді шешіп, біздің жағымызға өтіңдер». Анығында, біз халыққа қарсы қол көтеріп немесе қару жұмсау үшін келгеніміз жоқ, тіпті қолымызда қару да болмаған еді. Мақсатымыз – алаңда тəртіпсіздікті болдырмау, яғни сол халыққа қызмет көрсету. Бірақ оны ұққандар өте аз болатын. Біз өз жұмысымызды орындап, сап құрып тұрып алдық. Біраздан соң адамдар əр тұстан бізге қарай тас жаудыра бастады», - деді Манат Наукеев.
Оның айтуынша, қару болмаса да қолдарында арнайы қорғану құралдары болған.
«Өзімізді қорғау үшін қолдануға тура келді. Дегенмен көптің аты көп қой, сап бұзылып, сарбаздар ыдырай бастағанда əскерлеріміздің əрқайсысына он шақты адамнан жабылып, оларды соққыға жыға бастады. Арашалап, сарбаздарға тиіспеулерін сұрап, сабырға шақырып, басу айтқанымызбен, көпшілік көнбеді. Сол жерде 28 сарбазым жарақат алды», – дейді бөлім командирі.
Оның айтуынша алаңдағы 3 мың адамның бəрі бірдей басбұзар емес екенін, бірақ арандатушы топтың болғанын айрықша атап өтті.
«Олар сарбаздардың жұмысына кедергі келтіріп қоймай, киімдерін шешіп, əскери бұйрықтан жалтаруларын талап етіп, қоқан-лоққы көрсеткен еді. Көпшілігі жігіттердің əскери міндеттерінен бас тартқанын қалады. Бірақ тəртіпті сақтау – бізге берілген бұйрық. Ал сол жерде əскери киімді шешіп, екінші тарапқа өту – бұйрыққа бағынбау. Ондай жағдайда сарбаз жауапқа тартылады. Бірақ біздің жігіттер – шыдамды, өз міндеттерін толық білетін азаматтар»,- дейді бөлім командирі Манат Наукеев.
Манат Наукеев ел басына түскен осындай қысылтаяң сәтте тыныштықты сақтау ардың ісі болғанын айрықша атап өтті.
«Отан – отбасынан басталады». Сол бір күндері үйімізде күтіп отырған жақын туыс, ағайындардың да үмітін ақтауымыз керек болды. Отбасымда 4 ұлмыз, аға-інілерім бар. Әкем мен анам – зейнеткер, отбасым мен бала-шағам үшін аман қалуым керек болды. Оның үстіне сарбаздардың да жауапкершілігі менің мойнымда, олардың да жағдайын уайымдадым. Қаңтар оқиғасы артта қалды. Одан бері бір жыл да сырғып өте шығыпты. Осы орайда, Отанымызды қорғау абыройлы міндет екенін айтқым келеді. Асыл халқымыздың асқақ мұраты – ел егемендігі мәңгілік баянды болсын. Тәуелсіз елдің жастары мықты, рухты, патриот болуы тиіс деп білемін», - деді Наукеев.
Ал қатардағы жауынгер Дəурен Ешимовтің айтуынша, бүлікшілердің дені 20 мен 30 жас аралығындағы жігіттер болған.
«Бас-көз демей, тарпа бас салған олардың ойында не болғаны белгісіз. Мүлдем аяушылықтары жоқ. «Өлтір, көзін құрт!» деп атойлап жүргендерден бəрін күтуге болар еді. Сапымыз ыдырағаннан кейін бізді бөліп алып, жабылып сабай бастады. Мəмілеге келу, əңгімелесу дегенді білмейді. Шамамыз жетпейтінін біліп, шегініп, қаша бастадық. Алайда қуып жеткен топ соққының астына алып, көпірден төменге лақтырып жіберді. Шамамен 7-8 метр биіктен құладым», - дейді Дəурен Ешимов.
Сарбаз мұз үстіне құлаған. Дəрігерлер оның оқ өткізбейтін бронды жилеті мен басындағы каскасы қатерден аман қалуына септігін тигізді дейді. Кейін ол адамдардың көмегімен дəрігерлік пунктке жеткізілген.
«Ер азаматтың басына не келіп, не кетпейді. Сол кезде жаныма батқаны – бейбіт күнде өз азаматтарымыз бірін-бірі жау санап, жағадан алып, зəбірлеп жатқандығы. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бəрі бос» демей ме, əр қазақ бірін-бірі дос көріп, құрметтей білгенге жететіні жоқ қой», - дейді сарбаз.
Қазір Дәурен әскери борышын аман-есен өтеп, үйіне оралған.
«Қаңтар оқиғасы кезінде болған жағдай әлі күнге дейін кеше болған тәрізді көрінеді. Ол оқиға өмірімнің ескі таспасына жазылғандай. Отан алдындағы борышымды өтеу кезінде осындай оқиғадан сынбай өтіп, аман-есен қалуымның өзін тағдырдың үлкен сыйы деп білемін. Себебі әскери борышын өтеуге кеткен әр азаматты үйінде анасы, отбасы күтіп отырады. Кез келген сарбаз аман-есен оралғысы келеді. Бұл міндетімді абыроймен орындадым деп ойлаймын», - деп Ешимов өз ойын қорытты.
Сөз соңында Дәурен еліміз алға ұмтылуын, дамыған елдердің қатарына қосылуын тіледі.