Қазақстандықтарды алдаған алаяқтардың Украинадағы Call-орталығы жойылды
Қылмыскерлер банктік шоттарды, сондай-ақ оффшорлық шоттар мен криптовалюта әмияндарын пайдаланған
Қазақстандық және украиндық киберполицейлер алаяқтардың Call-орталығын жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының қызметкерлері Украина Ұлттық полициясындағы әріптестерімен бірлескен жедел іс-шараларды өткізу кезінде Днепр қаласындағы алаяқтардың Сall-орталығы қызметін тоқтатты. Қазақстан азаматтарына қатысты интернет-алаяқтықпен айналысатын трансұлттық қылмыстық топтың ұйымдастырушылары мен мүшелері анықталды. Олар Қазақстан азаматтарына телефон соғып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырып, күдікті транзакциялар туралы хабарлап, белгісіз тұлғалар олардың есепшоттарына қол жеткізді және транзакцияларды тоқтатамыз деген желеумен клиенттерді қаржылық мәліметтерді беруге көндірген, онлайн-несиелер алдырған. Мұндай ақпаратты алған шабуылшылар жәбірленушілердің ақшасын қылмыскерлердің бақылауындағы есепшоттарға аударған. Қылмыстық топты ұйымдастырушылар алаяқ байланыс орталығының операторларын ынталандырып, қылмыстық жолмен қол жеткізген сомаға өсімақы төлеп отырған», - деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Қылмыскерлер банктік шоттарды, сондай-ақ оффшорлық шоттар мен криптовалюта әмияндарын пайдаланған. Олар арқылы алаяқтық құрбандарынан ұрланған ақшаны белгілі бір пайызға қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.
«Бұл ретте Украина тарапы күдіктілердің Днепропетровск облысындағы 13 тұрғылықты мекенжайында тінту жүргізді. Жедел-іздестіру шаралары барысында 45 компьютерлік техника, 24 ұялы телефон, sim-карта және басқа да заттай айғақтар тәркіленді. Тәркіленген компьютерлерде қоңырау шалу кезінде абоненттік нөмірлерді ауыстыруға арналған бағдарламалық жасақтама бар екені анықталды. Осы бағдарламалардың журнал файлдарын қарау кезінде қазақстандық операторлардың абоненттерінің нөмірлеріне алаяқтық қоңыраулар тарихы анықталды. Сондай-ақ, тәркіленген техниканы тексеру барысында Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке деректері және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің эмблемасы бар деректер көзі табылды. Бұл ақпаратты алаяқтар өздерінің шоттарынан ақша жымқыру үшін форд-қоңырау шалу үшін пайдаланған», - дейді спикер.
Арнайы операция барысында қылмыстық топтың Украина азаматтары арасынан шыққан 32 мүшесі ұсталды. Call-орталығы 40 адамнан құралған. Қазіргі уақытта Украина тарапы қазақстандық киберполицияның көмегі арқылы тергеу әрекеттері мен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Олар құқыққа қайшы қызметтің барлық мән-жайларын, қосымша эпизодтарын, ықтимал қатысушыларын анықтауға, сондай-ақ осы қылмыстық топтың Қазақстан азаматтарына келтірген залалын анықтауға бағытталған.