«Пайда емес, шығынға баттық»: Петропавл кәсіпкерлері мектеп оқушыларының тамақтану ақысын көтеруді сұрады
Айтуларынша, кейбірі банкроттықтың алдында тұр
Петропавл кәсіпкерлері мектеп оқушыларының тамақтану ақысын көтеруді сұрады. Бизнес өкілдері қазіргі инфляция қарқыны оларды шығынға батырып жатқанын алға тартып отыр. Айтуларынша, кейбірі банкроттықтың алдында тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«ПАЙДА ЕМЕС, ШЫҒЫНҒА БАТТЫҚ...»
Петропавл мектептерінде тамақтану ақысы - 500 теңге. Бұл баға жаңа оқу жылының басында бекітілген болатын. Ал қазір кәсіпкерлер пайда табудың орнына шығынға батып жатқанын айтады. Сондықтан көпбалалы, материалдық жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушылар үшін мемлекет есебінен төленетін қаржыны көбейтуді талап етіп отыр.
Мектеп асханаларында қоғамдық тамақтандырумен айналысатын бизнес субъектілері бұл мәселені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен отырыста көтерді.
«Желтоқсан айы аяқталуға таяп қалды. Біз әлі күнге дейін 2023 жылға арналған мектеп оқушыларының тамақтану құны туралы ақпарат алған жоқпыз. Мәзір де жоқ. Оның құнын анықтау үшін бізбен ешкім есептеспейді», - дейді «Ботақан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ольга Усольцева.
БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БҰРЫНҒЫ БАҒАНЫ САҚТАП ҚАЛУҒА НИЕТТІ
Белгілі болғандай, СҚО Білім басқармасы 2023 жылға арналған Жалпыға бірдей білім беру қоры есебінен мектептегі тамақтану құнын бұрынғы деңгейде қалдыруға ниетті.
«Біз өткен жылдан бастап тамақтану құнын 500 теңге деңгейіне дейін көтердік. Келесі жылы да осы баға сақталады. Өйткені, оны жылына екі рет өзгерте алмаймыз», - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Елена Гонтар.
Алайда, кәсіпкерлер мұндай ұстаныммен келіспейді. Олар тамақтану ақысы бекітілген кезде оқушылардың жас ерекшелігі, жұмысшылардың жалақысы, коммуналдық төлемдер сынды тағы басқа шығындар ескерілмейтінін айтады.
«ТАМАҚТЫҢ ӨЗІНДІК ҚҰНЫ 450 ТЕҢГЕ...»
«Біз азық-түліктің қымбаттауы мен инфляцияны ескере отырып, осы шеңберге қалай сәйкес келуіміз керек? Біздің өнімнің өзіндік құны қазіргі бағамен есептегенде 430-450 теңге шығады. Бұл табыс біздің жалақыға және басқа да шығындарымызға жұмсалмайды. Біз қайырымдылықпен айналысып жатқандаймыз. Осындай бағамен біз үш ай бойы балаларды тамақтандырып, тақырға отыруға жақынбыз. Кәсібімізді жабуға мәжбүр боламыз», - дейді жеке кәсіпкер Валентина Пышная.
Мектептерде талап бойынша бастауыш және жоғары сынып оқушыларына бір баға бекітілген. Ал мәзір әртүрлі.
Отырыста білім басқармасына аз қамтылған балалар үшін тамақтану құнын 614 теңгеге дейін көтеру жағын қарай-қайта қарау мәселесі көтерілді. Және әр буында баға жеке-жеке есептелуі тиіс.Сондай-ақ, білім алушылардың жасына байланысты тағамның шығу нормасы бар Үлгі мәзірді ұсыну ұсынылды. Бұл мәселе түпкілікті шешілмеген және жауапты мемлекеттік орган оны қарағаннан кейін салалық комитеттің келесі отырысында қаралатын болады. Кәсіпкерлерге өңірдегі мектепке дейінгі және мектептегі тамақтануды арзандату мақсатында ӘКК сауда желілерімен ынтымақтастықты жалғастыруға кеңес берілді.
ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚША ИЕЛЕРІ ҚОСЫМША ҚАРЖЫ СҰРАЙДЫ
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі білім беру ұйымдарынның мәселесі қаралды. Екіншісін қаржыландыру кезінде жалақының өсуі, азық-түлік, коммуналдық қызметтердің қымбаттауы сынды қосымша шығындар ескерілмейді.
«Тәрбиешілердің жалақысы өсті. Медицина қызметкерлерінің де табысы жоғарылады. Алайда балабақшаларға берілетін мемлекеттік тапсырыс аясында қосымша қаржыландыру енгізілмеген. Мемлекеттік балабақшалар қаржыландыруды толық көлемде алады. Біз бірнеше рет жауапты министрлікке, сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының орталық аппаратының жетекшілік ететін департаментіне осы мәселе бойынша өзгерістер енгізу туралы хаттар жолдадық. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады», - дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің бастығы Владимир Литвиненко.
Бұл мәселені шешу үшін кәсіпкерлер палатасы білім басқармасына жеке балабақшаларды олардың нақты шығындарын ескере отырып, қосымша қаржыландыру туралы сұрау жібереді.
СҚО Кәсіпкерлер палатасында 6 салалық комитет жұмыс істейді. Атап айтар болсақ, агро өндіріс кешені, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі, көлік комитеті, қызметтер, туризм және машина жасау. Аталған ұйым басшылығы кәсіпкерлердің өтінішін тиісті мекемелерге жеткізетітін атап өтті.
«Қазір біз жұмысты жандандыру және кәсіпкерлік қызметтің жаңа субъектілерін тарту мақсатында комитеттер құрамын өзектендіріп жатырмыз. Бұл бизнес өкілдерінің сұранысын неғұрлым нақты және ұғынықты тұжырымдауға және оларды жедел шешуге мүмкіндік береді. Яғни, республикалық деңгейде шешуді талап ететін қандай да бір саланың проблемасын біз бірден жауапты министрліктердің қатысуымен Орталық аппарат деңгейіне жібереміз. Ал өңірлік проблемалар туындаған жағдайда жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен шешілетін болады. Бүгін кәсіпкерлер ортаға салған мәселелер тиісті мекемелерге жетеді», - деп түйіндеді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.