Алматы облысында оқушыларға берілген ақшалай сертификатты мұғалімдер жинап алғаны туралы ақпарат тарады

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған жайтқа қатысты Алматы облысының білім басқармасы түсініктеме берді

Фото: inter-present.kz

Әлеуметтік желіде Қонаев қаласы оқушыларының Президент шыршасында берілген 100 мың теңгелік сертификаттарын мұғалімдердің тартып алғаны туралы ақпарат тарады. Аталған дерекке қатысты Алматы облысының білім басқармасы түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Аудиожазбада әйел адам Президент шыршасынан кейін Іле ауданындағы №46 мектептің оқушыларына облыс әкімі берген ақшалай сертификаттарды автобуста мұғалімдер алып алғанын айтады. Ата-аналар мән-жайды білмек болып мектеп әкімшілігіне хабарласқанда, ол ақшаның орнына киім-кешек берілетінін естіген.

«Бізге облыстан келген тапсырма бойынша ата-аналардың қолына ақша емес, бір-ақ рет киім-кешек беріледі», - дейді аудиожазбадағы әйел.

Аталған жайтқа қатысты Алматы облысының білім басқармасы түсініктеме берді.

«Ақша сертификаттары қолма-қол ақшаға айналдырылып, қамқоршылар мен ата-аналарға тапсырылды. Бұған дейін ол сертификаттар оқушылар жоғалтып алмас үшін қауіпсіздік мақсатында жиналып алынған. Аудиожазбаға қатысты мәліметтер нақтыланып жатыр, ақпарат кейінірек жарияланады», - делінген ведомство хабарламасында.