Өрт сөнбей қалған темекі тұқылының кесірінен пайда болған
Өскеменде Назарбаев көшесінде жеке тұрғын үйден өрт шықты. Қатты түтінге бөккен үй ішінен алдымен екі адам шығарылды, олар іште әлі де адамдар бар екенін жеткізді. Барлығы 4 адам құтқарылды. Бұл туралы ШҚО ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Департамент мәліметінше, оқиға орнында газ-түтіннен қорғау қызметінің екі звеносы құрылды. Олар 35 жастағы әйелге және 48, 40 және 34 жастағы үш ер адамға көмектесті. Дәрігерлер зардап шеккендерді тексеріп, үйлеріне босатты.
Өрт алаңы 90 шаршы метрді құрады.
"Өртке абайсыздық себеп болған. Сөнбей қалған темекі тұқылының кесірінен үйдің кіре берісі өртеніп, содан кейін жалын бірден үйдің шатырына қарай тараған. Өртті жоюға жеке құрамның 19 адамы мен 5 техникасы жұмылдырылды", - делінген хабарламада.