Бұл істе 11-сынып оқушыларының бірі күдікті ретінде тергеліп жатыр
Ақтөбе облысының полицейлері жұмбақ жағдайда қайтыс болған тоғызыншы сынып оқушысының өлімінің мән-жайын анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК арнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай Шалқар ауданы Айшуақ ауылында орын алған.
Полицейлердің айтуынша, қайтыс боларының алдында оқушы 11-сынып оқушыларымен жүрген. Олар ішімдік ішкен, сондықтан полицейлер жігіттер арасында өзара жанжал болуы мүмкін деп болжап отыр. Бірақ оның өліміне нақты не жағдай себеп болғанын қазір тергеушілер анықтауда.
Баланың жансыз денесін ауылдық дәрігерлік амбулаторияға мектеп оқушылары апарған. Бірақ одан еш қайран болмады.
Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Алайда бұл істе он бірінші сынып оқушыларының бірі күдікті ретінде тергеліп жатыр.
Қайтыс болған оқушының жүрегінде ақау болған, ол есепте тұрған.
"Кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық істі тергеу аясында өзге мәліметтер жария етілмейді", - деді Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.