Антикор мемлекеттік бағдарлама аясында жемқорлық тәуекелдерін анықтады
Алматы облысында “Artsport" мемлекеттік бағдарламасы аясында жемқорлық тәуекелдері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті желтоқсан айында «Artsport» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингті аяқтады, мониторинг барысында мемлекеттік тапсырысты өнім берушілер арасында бөлу кезінде ашықтықтың болмауына, өнім берушілердің іріктеу кезінде жалған құжаттарды ұсынуына, бюджет қаражатының орынсыз жұмсалуына байланысты, artsport.edu.kz платформасының жетілмегендігі және оператор тарапынан тиісті бақылаудың болмауы секілді бірқатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері белгіленді.
«Мысалы, осы жылы 9 желтоқсанда сот үкімімен дене шынықтыру және спорт басқармасының бас маманы "Artsport" бағдарламасы бойынша жан басына шаққандағы қаржыландырудың мемлекеттік тапсырысына қатысу үшін өнім берушінің өтінімін оң қарағаны үшін кәсіпкерден 400 000 теңге көлемінде пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, оған 12 млн теңге көлемінде айыппұл (пара сомасының 30 еселенген мөлшері), ал кәсіпкерге 800 мың теңге көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Аталған сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықты жасаудың себебі – мемлекеттік тапсырыс операторларының қалауы бойынша өкілеттіктердің болуы нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс үшін өнім берушілерді іріктеу жөніндегі шешімдерді қабылдау рәсімін егжей-тегжейлі регламенттеуі.
Сондай-ақ жеткізушілердің облыстың әртүрлі аудандарында бір мезгілде қызмет көрсету фактісі анықталды, бұл көрсетілетін қызметтердің орындалуына күмән келтіреді.
«Мемлекеттік спорттық тапсырысты жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландырудың алдын ала есептеулері бойынша мемлекет ағымдағы жылы 552 нақты жұмыс жасамайтын тұлғаларға (осы жылдың 1 қаңтарынан қазан айына дейін) 75 млн теңге сомасында бюджет қаражатын төлеген (мәдениет және спорт басқармасының деректері бойынша әр балаға ай сайын орта есеппен 13 600 теңге мөлшерінде бюджет қаражаты көзделген)», - делінген хабарламада.
Жоғарыда аталған барлық фактілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өндірісіне алынды.
Жоғарыда баяндалған және талдамалық анықтамада баяндалған өзге де фактілер негізінде Алматы облысының әкімдігіне сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою ұсынылды.