Талдықорғанда алаяқтық жасаған судья 5 жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сонымен қатар пара беруге оқталған азамат 4 жылға бас бостандығынан айырылды

фото: aikyn.kz

Талдықорғанда алаяқтық жасағаны үшін судья 5 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментіне сілтеме жасап.

«Талдықорған қалалық сотының үкімімен алаяқтық жасағаны үшін Алматы облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы А. К. Түменбаева мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым сала отырып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. А.К. Түменбаева адвокат арқылы А.Д. Тазабекова және Ж.Т. Жанпейісова «Good Zhem» ЖШС басшысы А.Э. Пактан азаматтық іс бойынша оң шешім үшін 1,5 млн теңге сомасында ақшалай қаражат алған», - деп көрсетілген хабарламада.

Сол үкіммен А.Э. Пак мемлекеттік қызметте және коммерциялық ұйымдарда қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 4 жылға бас бостандығынан айыруға пара беруге оқталғаны үшін сотталды.

Бұдан басқа, осы соттың қаулысымен адвокат А.Д. Тазабеков пен азамат Ж.Т. Жанпейісов парақорлыққа делдалдық жасағаны үшін кінәлі деп танылды және соңғысына қатысты ҚР 2021 жылғы 7 желтоқсандағы № 81-VII ҚРЗ Тәуелсіздігінің отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау актісі салдарынан қылмыстық қудалау тоқтатылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.