$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында үш ауылдың бүкіл тұрмыстық техникасы күйіп кетті

Ордабасы ауданындағы Төреарық, Қараспан мен Көлтоған ауылдарында электр желіcі әбден тозған

Түркістан облысында үш ауылдың бүкіл тұрмыстық техникасы күйіп кетті
фото: radior.lt

Түркістан облысында жарықтың жиі сөнуінен үш ауылдың тұрмыстық техникасы күйіп кетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy КТК арнасына сілтеме жасап.

Үп еткен жел мен жауын жауса тұрғындар қара түнекте қалады. Электр кернеуі ойнап, тұрғындардың теледидар мен тоңазытқыштары жанып кеткен.

Осыны айтып ауыл халқы аудан басшыларына бірнеше мәрте шағым түсірген. Бірақ жарыққа жауаптылар бұл мәселені «бүгін білдік» дейді. Ордабасы ауданындағы Көлтоған, Қараспан мен Төреарық ауылдары үш жылдан бері жарыққа жарымай отыр. Жел тұрып жауын жауса, қараңғыда қаламыз дейді тұрғындар.

«Су шықпайды, бәрі жарыққа байланысты ғой. Электр қуаты болмаса қайдан келеді. Жарық та, су да жоқ болады. Интернет жоқ. Біз қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз?», - деді Ордабасы ауданының тұрғыны Индира Аппаз.

Жарықтың жиі сөнуінен тұрғындардың тұрмыс техникаларынан да түк қалмапты. Бұл отбасы тоңазытқышы жәй шкаф есебінде пайдаланып отыр. Бірінші топтағы мүгедек Гүлрайхан Әбдікәрімова несиеге алған техникасынан бір күнде айрылған. Арбаға таңылған әжей енді зейнетақысын техниканың қарызын жабуға жұмсайды.

«Бір күннің ішінде тоңазытқышым, теледидарым, кіржуғыш машинам, микротолқын пешім, электршәйнегім, кондиционерім күйіп кетті. Қалай немерелеріме ашыған тамақ берем? Миллиондай теңгеге қарызға кірдім. Келін екеуіміз алғанбыз, бір миллионға кіріп отырмыз. Бұның бәрі кредит», - дейді Ордабасы ауданының тұрғыны Гүлрайхан Әбдікәрімова.

Жарық мәселесін айтып тұрғындар аудан басшыларына талай шағымданған. Бүгін жұрт жиналғасын, ауылға электр жүйелерінің басшысы да келді. Бірақ ол жарық өшетінін білгенімен, күйген техникалар туралы хабарсызбын деп ант-су ішті. Десе де желі жаңартылып жатқанын айтып ақталды.

«Жарық өшпейді деп айта алмаймын, өшеді. Ол техника ғой. Қысқа болады, тек халық емес қой, бұл жерде 3 фазада отырған жеке кәсіпкерлерде көп. Ақаулар болады. Бізде арнайы бөлінген бригада, техника бар. Жедел түрде жұмыс істейміз», - деді Ордабасы ауданы электр жүйелерінің басшысы Бақдәулет Құрманбекұлы.

Басшы үш ауылдың электр жүйесін толық жаңартуға ары кетсе, үш апта уақыт қалғанын айтады. Бірақ кернеудің неліктен жиі ойнайтынын сол бойы түсіндіре алмады. Ал тұрғындардың жарамсыз техникалары тек қоқысқа кетіп жатыр.

Серіктес жаңалықтары