$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сенат «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңды қабылдады

Ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблеманы тудырып отыр

Сенат «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңды қабылдады
Фото: ашық дереккөзден

Еліміздегі орталық қалалар мен оған іргелес аудандар арасында экономикалық дамуда, қаржылық және адами әлеуеттерде теңсіздіктер бар. Оның пайда болуына ықпал ететін негізгі фактор – халық санының бақылаусыз өсуі болып табылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Сенаттың жалпы отырысында айтты.

Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Агломерацияларды дамыту туралы» Заңды әзірлеуді тапсырды.
«Қазақстан орнықты урбанизация үрдісімен келе жатыр. Тұрғын саны миллионнан асатын қалалар еліміздің жаһандық бәсекелік қабілетінің тірегі, ал облыс орталықтары өз өңірлері өсімінің өзегі болуға тиіс. Сондықтан, агломерацияны дамыту туралы заң мен қалалардың кешенді құрылысының жаңа стандартын әзірлеу керек. «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының сақталуы айрықша маңызды. Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар Аумақтық даму жоспарында бекітілуге тиіс», - деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында.
Соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда халық саны 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Мұндай көрсеткіш қала территориясының да едәуір үлкеюіне әкеп соққан.

Себебі, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласының халқы 59% пайызға, Алматыда халық саны 37%-ға, Шымкентте 67%-ға өсті. Мұндай көрсеткіш қала территориясының да едәуір үлкеюіне әкеп соққан.

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy/ Әбілқасым Есентаев

Мәселен, Астана елорда болғалы жер аумағы жағынан 3 есе өсті, Алматы қаласының аумағы соңғы он жылда 2,5 есе, ал Шымкенттің аумағы 3,5 есеге кеңейген. Министрдің айтуынша, ірі қалаларда халық саны мен жер аумағының өсуі бірқатар проблемаларды тудырып отыр.

«Олар – инфрақұрылымның барлық түрлеріне жүктеменің артуы, қаланың шет аймақтарында байламсыз түрде құрылыс салынуы, егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының болмауы немесе дұрыс іске аспауы, ыңғайлы көлік жүйесінің болмауы, инфрақұрылымдық, әлеуметтік, өнеркәсіптік және тағы басқа объектілердің тапшылығы сияқты тағы басқа да проблемалар. Аумақтардың үйлестірілмеген дамуының негізгі себептерінің бірі – агломерациялардың дамуын реттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауы болып табылады», - деді ведомство басшысы.

Осыған орай, Ұлттық экономика министрлігі орталық қала мен оның маңындағы аймақ арасындағы функцияларды заңнамалық тұрғыдан бөлуді ұсынып отыр.

Өз баяндамасында министр әлем елдерінің тәжірибесімен бөлісті. Мәселен Ұлыбритания, Франция және Қытай сияқты унитарлық мемлекеттерде де, АҚШ, Канада, Германия, Испания және Италия сияқты федеративті мемлекеттерде де қалалық агломерациялардың дамуын реттейтін арнайы заңдар бар.

Demographia консалтингтік компаниясының мәліметтеріне сүйенсек, әлемнің 44 қаласындағы халық саны 10 млн адамнан кем емес. Бірінші орында Жапонияның Токио-Иокогама қаласы тұр. Шаһардың аумағы 8 231 шаршы шақырым құрайды, ал халық саны 37 млн 732 мың адам. Екінші орында Индонезия астанасы Джакарта. Аумағы 3546 шаршы шақырым жерді құрайтын қаланың 33 млн 756 мың халқы бар. Ал Үндістанның бас шаһары Делиде халық саны 32 млн 226 мың адамды құрайды. Қаланың аумағы 2 344 шаршы шақырымды алып жатыр.

«Сонымен қатар, осы саланы реттейтін заң жобаларын әзірлеу үшін Мемлекет басшысының бірқатар тапсырмалары негіз болды. Оның үстіне, Мемлекет басшысы биылғы 5 мамырдағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында осы заң жобасын үстіміздегі жылдың соңына дейін қабылдауды тапсырды. Осылайша, үздік халықаралық тәжірибені қолдана отырып, Министрлік тиісті заң жобаларын әзірледі», - деп баяндады министр.

Белгілі болғандай, негізгі заң жобасында «агломерация» терминінің анықтамасы және агломерацияларды анықтайтын тиісті критерийлер енгізіледі.

Ал агломерация құрамын уәкілетті орган – яғни Ұлттық экономика министрлігі қалыптастыратын болады. Ол ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

«Сонымен бірге, елдімекендерді агломерациялардың құрамына енгізу және олардың тізбесін жүргізу қағидалары Министрліктің бұйрығымен бекітілетін болады.

Осы орайда, агломерацияларды айқындаудың негізгі критерийлері ретінде мыналар танылады:

– орталық қаланың әкімшілік мәртебесі;

– демографиялық сыйымдылық;

– логистикалық әлеует;

– экономикалық әлеует.

Заң жобасы қабылданғаннан кейін осы өлшемшарттарға сәйкес «агломерациялар» ретінде Алматы, Астана, Шымкент және, мүмкін, тағы басқа облыс орталықтары да айқындалатын болады»,- деді Әлібек Қуантыров.

Осы ретте агломерацияларды басқарудың жаңа моделі іске қосылады. Яғни аймақтық деңгейде Жергілікті агломерация кеңестері құрылады. 
 

«Олар – агломерация аумағын үйлестірілген түрде дамыту үшін нақты мәселелерді шешу бойынша қала мен іргелес облыстың жергілікті атқарушы органдарының өзара 
іс-қимыл алаңы ретінде жұмыс жасайтын болады. Жергілікті кеңестің құрамына екі әкімдіктің және мәслихаттардың өкілдері, сондай-ақ ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін болады. Жергілікті кеңес агломерацияны дамытуды қолдауға бағытталған міндеттер мен шаралар бойынша ұсыныстар әзірлейтін болады», - деп нақтылады ведомство басшысы.


Бұр ретте белгіленген аумақтарда әлеуметтік-экономикалық әрі үйлестірілген дамуды қамтамасыз ету үшін Жергілікті кеңес агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуі тиіс.

«Кешенді жоспар қаржыландыру көлемі мен көздерін, іске асыру мерзімдерін, жауапты орындаушыларды, күтілетін нәтижелерді қамтитын болады. Республикалық деңгейде агломерацияларды дамыту жөніндегі өңірлер деңгейінде шешімін таппаған мәселелер Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Агломерациялар жөніндегі кеңестің қарауына шығарылатын болады», - деп түсіндірді Әлібек Қуантыров.


Сонымен қатар, заң аясында өңірлердің әкімдіктеріне 25 қосымша өкілеттік беріледі. Оның ішінде  негізгі заң шеңберінде 11 өкілеттік, ілеспе заң шеңберінде 14 өкілеттік қарастырылған.
Мәселен негізгі заң жобасына сәйкес орталық қала мен іргелес облыстардың әкімдіктері агломерация аумағындағы жергілікті маңызы бар мәселелерді бірлесіп шешуге, тиісті келісімді дайындауға және оған қол қоюға қатысады. Әкімдіктер Жергілікті агломерация кеңесін құруға және оның қызметіне, агломерацияны дамытудың кешенді жоспарын әзірлеуге атсалысады.

 

 «Бұдан басқа, орталық қалалардың жергілікті атқарушы органдары қала маңы аймағын дамытудың Бас жоспарын іске асыру бойынша субъектілердің қызметін үйлестіреді, Бас жоспарының жобасын әзірлеуді ұйымдастырады, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтердің жобаларына келісім береді», - деді министр.


Ал ілеспе заң жобасында агломерацияны дамыту бойынша келесідей құзыреттер көзделген:
1) Қала маңындағы жердің сәулет және құрылыс саясатын әзірлеуге қатысу бойынша республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдіктерінің өкілеттіктерін кеңейту.
2) Іргелес облыстардың әкімдіктеріне астананың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары қаржыландыратын әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылым объектілерін салу үшін агломерация аумағында жер учаскелерін резервтеу жөніндегі құзыретті беру көзделеді.
3) Бір деңгейдегі бюджеттерге өзара іс-қимыл жасасуға рұқсат беріледі.

 

«Агломерацияларды үйлестірілген дамыту мақсатында заң жобасында синергия әсері бар бірлескен агломерациялық жобаларды қаржыландыру үшін қала және іргелес облыс бюджеттері арасында көлденең трансферттер тетігі әзірленді, бұл орталық қаланың да, оның маңындағы аймағының да дамуына әсер етеді. Жалпы, ілеспе заң жобасында Бюджет және Жер кодекстеріне, сондай-ақ қолданыстағы 5 Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда», - деді Әлібек Қуантыров.

Айжан Жанатқызы

Серіктес жаңалықтары