Жол құрылысына бөлінген 43 млрд теңгеден аса қаражат ұрланған – Бас прокуратура

Автор: Azattyq Rýhy

Бюджет ақшасын ұрлау үшін 70 жалған сертификат пайдаланылған

Фото ашық дереккөзден

Бас прокуратура автожол салу барысында миллиондаған ақша жымқырылғанын мәлім етті. Қадағалау органы «Қазавтожол» ұлттық компаниясында, автомобиль жолдары комитетінде және жергілікті әкімдіктерде тексеру жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жол құрылысы барысында 43,4 млрд теңге ұрланып, «ҚазГерСтрой» ЖШС-нің қалтасына түсті. Сонымен қатар сегіз жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге бағытталған қаражатты тиімсіз пайдалану фактілері болды. Бұл 600 миллион теңгені құрайды», - деп хабарлады Бас прокуратура.

Қадағалау органының мәліметінше, орта және ағымдағы жөндеудің бес нысаны бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы жасау кезінде шенеуніктер баға мөлшерін 2 млрд теңгеден артық көтерген.

«Бюджет ақшасын ұрлау үшін мердігер ұйымдар құрылыс материалдары бойынша 70 жалған сертификатты пайдаланды, ал 10 жағдайда стандарттарға сәйкес келмейтін материалдар пайдаланылды. Тексеру барысында шенеуніктер мердігерлердің орындалмаған шарттық міндеттемелер мен тұрақсыздық айыбы бойынша берешектеріне де көз жұмғаны анықталды. Нәтижесінде соңғыларының шарттық міндеттемелерді бұзғаны үшін өтелмеген дебиторлық берешегі 6,8 миллиард теңгені құрады, ал тұрақсыздық айыбы 636 миллион теңгені құрайды», - деп атап өтті ведомствода.

Прокуратура ақы алу жүйесін енгізу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру ісіне де күмәнмен қарап отыр.

«Бұл іс жеткізуші – «Computer vision Technologies» ЖШС қызметтерінің бағасы үш есе артып, 138,8 миллиард теңгені құрағанымен байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта қаражатты иемдену мен ысырап етудің, сондай-ақ лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдаланудың барлық фактісі бойынша (осының барлығынан келген залал 45 миллиард теңгеден асады) 23 қылмыстық іс қозғалды. Бұдан әрі тергеу ісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Қаржылық мониторинг агенттігі айналысады», - деп атап өтті прокуратура.

Сонымен қатар прокурорлар 24 миллиард теңге болатын бюджет шығындарының алдын алды (жөндеуді қажет етпейтін жұмыс көлемі алынып тасталды, сметадағы шығыстар қайта қаралды), 17,3 миллиард теңгеге заңсыз тендерлердің қорытындылары жойылды.