Ол күдіктінің ісін арнайы прокурорлар тобы қадағалап отырғанын айтты
ҚР Бас прокурорының орынбасары Жандос Өмірәлиев Парламент Мәжілісінде журналист Михаил Козачковтың ісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Шын мәнінде, Қаржы мониторингі агенттігі барынша толық ақпарат берді. Өз тарапымнан толықтыра кетсем, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қазіргі уақытта Бас прокурор процессуалдық топ пен процессуалдық прокурорға қоғамдық ұйымдардың, сонымен қатар адвокаттардың барлық уәжі мен өтініштерін толық зерделеу тапсырылған. Ол топ қазір аталған мәселелермен айналысып жатыр», - деді Жандос Өмірәлиев тілшілер сауалына.
Оның айтуынша, қазір бұл қылмыстық істі Алматы қаласының прокуратурасы қадағалауға алған.
«Арнайы прокурорлар тобы Бас прокурордың нақты тапсырмасы бойынша бұл жағдайды барынша объективті және ашық түрде анықтап жатыр. Бәлкім, ертеңгі брифингте Бас прокуратура қабылдаған шешім жарияланып қалар», - деді Ж. Өмірәлиев.
Еске салайық, 18 желтоқсанда Михаил Козачковты Қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлері Алматы қаласы мен Алматы облысында жеке кәсіпкерлердің мүлкін рейдерлік жолмен басып алды деген күдікке ілінген ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық істі тергеу аясында ұстаған болатын. Журналист осы ұйымдасқан топқа қатысқан (ҚР ҚК 262-бабының 2-бөлігі), рейдерлік (ҚР ҚК 249-бабының 3-бөлігі), мемлекеттік құпияларды заңсыз жинап, таратқан (ҚР Қылмыстық кодексінің 185-бабының 3-бөлігі) деген күдікке ілінген.
20 желтоқсанда сот журналисті 2023 жылдың 18 ақпанына дейін қамауда ұстауға санкция берді.