$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
10.10.2019, 13:42
Жаңалықтар

Қазақстандық әуе компаниялар жолаушылардың «қара тізімін» неге жария етпейді?

Ұшақ жолаушылары үшін жасалған қара немесе сұр тізім туралы

Қазақстандық әуе компаниялар жолаушылардың «қара тізімін» неге жария етпейді?
Фотоколлаж

Кеше Елорданың Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайында «Fly Arystan» компаниясының қызметкерлері белгілі филолог ғалым, түрік азаматы Оғыз Доғанға тіркеу столына келгенде, ұшаққа отыруға тыйым салған болатын. Екі жыл бұрын  бортсеріктің қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап еткен ол «Эйр Астана» әуекомпаниясын сотта жеңіп, 1 теңге көлеміндегі моральдық шығын өндірген еді. «Fly Arystan» лоукостері «Эйр Астана» ұлттық тасымалаушысының еншілес кәсіпорны. Әуежайдағы тасымалдаушы өкілдері 9 қазан күні сағат 14:55-те Шымкентке ұшуы тиіс KC7327 рейсіне Оғыз Доғанды «сұр және қара тізімде» көрсетілген жолаушы деген сылтаумен ұшақ бортына өткізбей қойды.

Ұшақ жолаушылары үшін жасалған қара немесе сұр тізім деген не? Әуе тасымалы саласында ашық пікір білдіріп жүрген сарапшы әрі блогер Денис Кривошеев «Azattyq Rýhy» ақпарат агенттігіне берген пікірінде олардың айтарлықтай айырмашлылығы жоқ екенін айтады. Бірақ Қазақстан әуе тасымалдаушылары «қара тізім» мәселесінде жариялылықтан бойын аулақ салады.       

«Бұндай мәселе компанияның жеке көзқарасына байланысты реттелетін процесс. Қара және сұр тізім дегеннің айтарлықтай айырмашылығы болмайды. Сұр тізімге ұшақ ішінде жиі тәртіп бұзатын жолаушылар жатады. Ал қара тізіміге ұшақты еріксіз қонуға себепкер болатын адамдар енгізіледі. Оларды әуе компаниясы бортқа ешқашан кіргізбеуге құқылы. Сол сияқты сұр тізімдегілер қандай да бір дауға себеп болған жағдайда, бортқа жіберілмеген оқиғаларды естігенмін. Барлығы кәсіпорынның ішкі құжаттармен бекіткен ережелеріне байланысты. Кіргізуге де, кіргізбеуге де болады. Меніңше «Эйр Астана» Оғыз Доғанға байланысты соңғы шешімді таңдаған сияқты. Кез-келген мейрамхана, түнгі клуб немесе өзге де қызмет көрсететін орындар сияқты әуекомпаниясының да ондай құқығы бар», - дейді  Д. Кривошеев.

Сарапшының айтуынша, ең бастысы - ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Әуе тасымалдаушылары үшін бұл бірінші кезекте болуы керек. Ұшаққа кіргізбей қою дамыған батыс елдерінде кеңінен қолданылады. Ол үшін ешкім дау шығарып, көпке мәлім нәрсені дәлелдеп жатпайды. Сондықтан тасымалдаушы бұл жағдайға айтарлықтай мән бермейтіні заңдылық. Ал ар-намыс тұрғысынан сотқа жүгінуге ешкім кедергі келтірмейді. Заң орындарына шағымдану әркімнің азаматтық құқығы. 

Ал танымал заңгер Джохар Өтебеков жолаушылар тасымалы жария келісім шарт, әуе компаниясының азаматтарға билет сатпауға құқығы жоқ. Ал қолында билеті бар жолаушы қатты мас немесе қызметкерлерді балағаттап, дөрекілік көрсетпесе ұшақ бортына кіргізілуі керек. Тасымалдаушы тұтынушыны қызметті таңдау құқығынан айырмауы тиіс. Бұл әуе кеңістігін пайдалану туралы заң нормаларында көрсетілген, дейді құқық қорғаушы.     

«Қазақстанда жолаушыға әуе билеттерін сатпай қою немесе өзге де дау-дамайларды реттейтін заң тетіктері жетілдірілмей отыр. «Қара тізім» мәселесін  "Эйр Астана" компаниясы ғана емес, өзге де әуе тасымалдаушылар мемлекет деңгейінде көтеруі тиіс. Өздеріне қолайсыз адамдармен жеке-жеке алысқанша, өркениетті қоғамда бәрі заң аясында реттелуі маңызды. Әуе компаниялары волюнтаризмге, яғни белден басушылыққа бармауы үшін бізге осыны ойлану керек»,- дейді Джохар Өтебеков.

«Fly Arystan» әуе компаниясы Оғыз Доған мен оның отбасы мүшелеріне билеттің қаражатын әлі қайтармаған. Кәсіпорынның PR менеджері Ләззат Нәбиева кеше ұшақ бортына жіберілмеген жолаушының нақты қандай тізімге енгені туралы сұрауымызға алдағы күндері жауап береміз деді. Ал түрік азаматы Шымкент бағытына бүгін басқа тасымалдаушыдан билет сатып алған. Ол адвокаты Абзал Құспановпен ақылдасып, «Fly Arystan» әуе компаниясының басшыларына хат жолдап, қажет болса тағы да соттасуға ниетті екенін айтты.  

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары