Күдіктіден 4кг марихуана тәркіленді
Атыраулық полицейлер шаруа қожалығын есірткінің фитозертханасына айналдырған күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Атырау облысы ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері бірлескен жедел іздестіру шаралары нәтижесінде Махамбет ауданы Бейбарыс ауылында орналасқан шаруа қожалығында құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді сақтаған 1986 жылы туған тұлғаны анықтады.
Қожалықта 7 дана қарасора бұтасы мен 2 дана пакетке салынған есірткіге ұқсас кептірілген шөбі анықталып, тәркіленді.
«36 жастағы күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 300-бабы 1 бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Өзге ақпарат ҚПК-нің 201 бабына сәйкес жариялануға жатпайды», - деп көрсетті Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі.