Әйелі мен баласын соққыға жыққан: Ақмола облысында ер адам өзіне өзі қол жұмсады

Автор: Azattyq Rýhy

Оқиға туралы полицияға көршісі хабарлады

Кісі өлтіруге оқталу және өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу фактісі бойынша қылмыстық іс Ақмола облысының Полиция департаментінде тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.

14 желтоқсанда Есіл ауданының ауылдарының бірінде қайғылы оқиға болды. Аудандық полиция бөліміне 60 жастағы ауыл тұрғыны басына оқ атып, суицид жасағаны туралы ақпарат келіп түсті.

Жедел-тергеу тобы алдын ала анықтағандай, оқиға болған күні марқұм жұбайының басын жарақаттап, оны тоқтатпақ болған 20 жастағы ұлына дене жарақатын салған. Оқиға туралы полицияға көршісі хабарлады. Ол куәгер болған.

Полиция қызметкерлері келгенге дейін ер адам өз-өзіне қол жұмсап, басына оқ атқан. Бұл фактілер Қазақстан Республикасы ҚК-нің ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 1-бөлігі бойынша (Қылмысқа оқталу және адам өлтіру) және 105-бабы 1-бөлігі бойынша (Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелген.

Тергеп-тексеру барысында оқ атылған тегіс ұңғылы аңшылық мылтықтың ІІО-да тіркелгені анықталды.

Жұбайының айтуынша, оқиға болған күні күйеуінің арасында ешқандай жанжал болған жоқ. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу жалғасып, полицейлер ер адамды осы шарасыз қадамға итермелеген себептерді анықтап жатыр.