Парламент «төтенше» заң жобаларын дереу қарау туралы өзгерісті қабылдады

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

Парламент регламентіне енген өзгеріс 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап күшіне енбек       

видеодан скриншот

Бүгін Астанада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Парламент Регламентіне ұсынылатын түзетулерді қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Парламент регламентіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы ұсыныстарды қарау бойынша бірлескен комиссия тиісті жұмыс жүргізді. Бірлескен комиссияға Парламент палаталары депутаттары мен комитеттерінің 50-ден астам ұсынысы келіп түсті. Парламент регламентіне ұсынылатын түзетулер елімізде жүргізілген конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді», - деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы, депутат Арман Қожахметов.

Елімізде жүргізілген конституциялық реформаның ережелерін іске асыру тәртібін белгілейді.

Осы  маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы толығырақ баяндауға рұқсат етіңіздер.

Оның айтуынша, Регламентті «Конституциялық заңдарды қабылдау» деп аталатын 4-1 жаңа тараумен толықтыру ұсынылған. Осыған сай, енді конституциялық заңдардың жобалары бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті болмақ. 

«Конституциялық заң жобасын бірінші оқылымда қарау үшін Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын шақырады, бұл отырыста жобаның тұжырымдамасы талқыланады. Конституциялық заң жобасының бастамашысы негізгі баяндама жасайды, одан кейін әр Палатаның қосымша баяндамашылары сөз сөйлейді. Сондай-ақ Парламент депутаттарына кезекпен сөз ұсынылады. Қажет болған жағдайда Конституциялық заң жобасын екінші оқылымға дайындау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, оның құрамы жобаны бірінші оқылымда қарау кезінде Парламент Палаталарының бірлескен отырысында бекітіледі», - деп хабарлады ол.

Дауыс беру қорытындысы бойынша Парламенттің әрбір Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен конституциялық заңды қабылдайды немесе оны қабылдамайды.
Парламент регламентіне енетін тағы бір өзгеріс – үкімет дайындайтын «шұғыл» заң жобаларына қатысты екені белгілі болды. 

«Түзетулердің келесі блогы Конституцияның 61-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Парламентке енгізілген Үкіметтің заң жобаларын дереу қарауға қатысты. Бұл жерде халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметтің заңнамалық бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары туралы айтылған. Мұндай «төтенше» жобаларды қарау бойынша мынадай тәртіп ұсынылады. Заң жобасы Парламент Мәжілісінде тіркеледі. Мәжіліс Төрағасы Парламент Палаталарының бірлескен отырысын заң жобасы келіп түскен күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей шақырады», - деп хабарлады Қожахметов. 

Бірлескен отырыста Үкіметтің өкілі баяндама жасайды, содан кейін депутаттарға баяндамашыға сұрақтар қою және жарыссөзде сөйлеу үшін сөз ұсынылады. Қажет болған жағдайда заң жобасын қарау үшін Парламент Палаталарының бірлескен комиссиясы құрылуы мүмкін, бұл депутаттарға заң жобасы бойынша өз ұсыныстары мен ескертулерін енгізуге мүмкіндік береді. Қарау қорытындысы бойынша заң жобасы Парламенттің әрбір палатасы депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады. Егер дауыс беру арқылы белгіленген дауыс саны алынбаса, заң жобасы қабылданбады деп есептеледі.

«Үшінші өзгеріс, жеке тарауда Парламенттің Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау рәсімін көрсету ұсынылады. Конституцияның 67-бабының 4)-тармақшасына сәйкес Премьер-Министр Парламентке Үкімет қызметінің негізгі бағыттары және оның барлық маңызды шешімдері туралы баяндайды. Бұл баяндаманы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында тыңдау ұсынылады. Бұл ретте депутаттар Премьер-Министрдің баяндамасын тыңдау кезінде сұрақтар қоюға және жарыссөзде сөз сөйлеуге құқылы», - деп хабарлады баяндамашы.    

Төртінші өзгеріс ретінде Конституцияның 53-бабына сәйкес келтіру мақсатында конституциялық заңдар бойынша Президенттің ұсыныстарын Парламенттің қарау тәртібі туралы Регламентке жаңа 4-3 тарау енгізілмек. 

Қос палата депутаттары өзгерістерді қолдап, дауыс берді.