Ол арзан бағаға пәтер жалға берілетіні туралы жалған жарнама беріп, алдын ала төлем алып отырған
Алматы облысында алаяқтық әрекеттермен айналысқан үй шаруасындағы әйел Теміртау қаласынан ұсталды. Бұл туралы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы үш ай ішінде Талдықорған қаласының полициясына бес жергілікті тұрғын белгісіз әйел тарапынан жасалған алаяқтық туралы арызданған. Олардың айтуынша, әйел пәтерлерді төмен бағамен жалға беру туралы хабарландыру арқылы олардан алдын ала төлем алып, байланысқа шықпаған.
«Жедел уәкілдер жиналған ақпаратты талдап, Қарағанды облысының Теміртау қаласынан хабарландыру беріп, азаматтардан ақша аударымын алған 28 жастағы күдіктіні ұстады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында заңға қарсы іс-әрекеттер жасаған әйелдің үшінші күйеуімен бірге тұрандығы, ең кіші нәрестесіне небәрі екі ай болғандығы, қалған екі баласының 5 және 7 жаста екендігі анықталды. Күдікті интернетте жоғалған жеке куәліктер мен жүргізуші куәліктері туралы хабарландыруларды тауып, көшірмелерін жасап, азаматтардың сеніміне кіру үшін оларды өзінікі ретінде жіберген. Ол басқа қаладан келе жатқандығын сылтау етіп, алдын ала төлемді ұялы телефон арқылы жіберулерін сұраған», – деп хабарлайды полициядағылар.
ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі 4-тармағы «Бірнеше рет жасалған алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Азаматтарды пәтер иесінің жеке басын және оның меншік құқығын растайтын құжаттардың бар-жоғына көз жеткізбей, қандайда бір ақша аударымын жасамауға шақырамыз»,-дейді полиция өкілдері.