Шығыс Қазақстанда екі шенеунік жемқорлық қылмыстары үшін сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар бірнеше нысан бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге бөлінген 70,1 млн теңге сомаға орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр 

Фото: inform.kz

Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы жемқорлық қылмыстары үшін сотталды. Бұл жайында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Шығыс Қазақстан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі бірқатар сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін күдікті болған Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы А.Арсламбаевқа және «ШҚО тұрғын үй-пайдалану басқармасы» ЖШС директоры А.Әубәкіроваға қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады»,- делінген ведомство таратқан ақпаратта

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мәліметінше, олар «ШҚО Өскемен қаласының Самар тас жолы бойынша «Өркен-ЖМК» индустриялық аймағына инфрақұрылым құрылысы», «ШҚО Ұлан ауданы Украинка ауылындағы су құбыры мен су тарту желілері құрылысы», «ШҚО Ұлан ауданы Сағыр ауылындағы сумен жабдықтау желілерінің құрылысы» нысандары бойынша жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге бөлінген 70,1 млн теңге сомаға орындалған жұмыстардың жалған актілеріне қол қою арқылы бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілініп отыр.

Осы жылдың 9 қазанында Өскемен қаласының № 2 сотының үкімімен А. Арсламбаев жоғарыда көрсетілген қылмыстардың барлық құрамы бойынша мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырылды және 4 жыл 6 ай мерзімге ал, А.Әубәкірова аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын ұрлағаны, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланғаны және қызметтік жалғандық жасағаны үшін мемлекеттік қызметте лауазым иелену құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 4 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды.