Елордада Сот сараптамалары институтының жаңа ғимараты ашылды
Астана қаласы бойынша Сот сараптамалары институты жылына 15 мыңға жуық сараптама орындайды
Елордада ҚР Әділет министрі Қанат Мусин мен ІІМ Марат Ахметжановтың қатысуымен Сот сараптамалары институтының жаңа ғимаратының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Сот сараптамалары институтының жаңа ғимараты Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 15 ақпандағы Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын орындау аясында салынды. Шараға арнайы келген ҚР Әділет министрі Қанат Мусин орталық қызметкерлерін жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.
«Жаңа ғимарат әлемдік стандарттарға сәйкес жабдықталған. Оның жалпы аумағы 8 мың шаршы метрді құрайды. Бүгінгі шараның құқық үстемдігі мен сот төрелігін жүзеге асыру сапасын қамтамасыз етудегі маңызы жоғары. Бұл өзгерістер еліміздің әрбір азаматының өміріне әсер етеді. Жыл сайын тек Астана қаласының өзінде 15 мыңға жуық сот сараптамасы жүргізіледі», - деді Қанат Мусин.
Ол Институт жанынан ашылған сот сараптамалары жүргізілетін бөлімдерді атады.
«Институт жанынан есірткі, психотроптық заттар және прекурсорлар мәселелері жөніндегі мамандандырылған бөлім ұйымдастырылды. Аталған бөлім газ хроматографымен жабдықталған масс-спектрометриялық детектордан тұрады. Бұл синтетикалық есірткі айналымына байланысты зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұрын мұндай зерттеу жүргізу өте қиын болды. Ал қазір бұған толық мүмкіндік бар.
Мұнай өнімдері мен жанар-жағармай материалдарын сот-сараптамалық зерттеу сапасын арттыру үшін тиісті бөлім ұйымдастырылды. Сондай-ақ енді қару қолдану оқиғасын зерттеген кезде зерттелетін оқиғаның нақты мән-жайын анықтау мамандандырылған тир орталығының ғимаратындағы ұйымды ескере отырып жеңілдетіледі. Орталықта көлік құралдарын зерттеу үшін де жағдай жасалған. Қазір жол көлік оқиғалары көбейіп кетті. Бөлім техникалық ақаудың пайда болу себебі мен уақытын (жол-көлік апатына дейін немесе одан кейін) дәлірек анықтауға мүмкіндік беретін құралдармен жабдықталған», - деді Әділет министрі Қанат Мусин.
Ғимараттың жобасы өңірдің климаттық және геологиялық ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген және нормативтік техникалық құжаттардың барлық талаптарына, санитарлық-эпидемиологиялық, өртке қарсы, күзет және басқа да стандарттарға сәйкес келеді.
Кешен негізгі корпустан, қару-жарақ атуға арналған тирден, көлік құралдарын тексеруге арналған бокстардан, мәйітхана, қоштасу рәсіміне арналған салттық зал, психиатрия және наркология корпусынан тұрады. Бұдан басқа, жұқпалы ауруы бар мәйіттерге, сондай-ақ ПТР-зерттеулер жүргізуге арналған үй-жайлар көзделген. Институтта жұмыс істейтін қызметкерлер саны 258 адамды құрайды.
ІІМ Марат Ахметжанов ашылған орталықтың маңыздылығына тоқталды.
«Сот сараптамалары институты жаңа ғимаратының ашылуын көптен күттік. Қазіргі заман талабына сай жаңа құралдармен жабдықталған орталық елімізге аса қажет болды. Өздеріңіз білесіздер Қазақстанда тіркелген қылмыстардың 96 %-ы Ішкі істер органдарының өндірісінде. Әкімшілік құқық бұзушылық істері де біздің қарауымызда. Сондықтан елордада аталған орталықтың ашылуы бізді қуантты. Орталықта жұмыс істейтін қызметкерлерге толық жағдай жасалған. Қылмыскерлердің қылмысын әшкерелеп, бұлтартпас дәлелдерді келтіруге орталықтың қосатын үлесі зор болайын деп тұр», - дейді Марат Ахметжанов.
Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот сараптамалары орталығының пайда болу, қалыптасу және даму тарихы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің заң комиссиясы жанынан Алматы ғылыми-зерттеу криминалистикалық зертханасы құрылған 1951 жылғы сәуірден басталады. 1957 жылы сәуірде Қазақ КСР Әділет министрлігінің Алматы сот сараптамасы Ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Аталған мекеме құрылған уақыты бойынша КСРО-дағы үшінші сот сараптамасы, институт болған. Тәуелсіздік алғаннан бері Әділет министрлігінің алдында сот-сараптама саласының инфрақұрылымын жаңғырту және жетілдіру жөніндегі жаһандық міндет тұрды.
Бұрын институттың ғимараттары мен үй-жайлары қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, сәйкес келмеді. Институт мәйітханасының техникалық жағдайы да нормативтік құжаттардың талаптарына сай болған жоқ. Аталған мәселені БАҚ өкілдері бірнеше рет көтерді.
Қазір институттың барлық ғимараты бір жерде орналасқан. Институтта сараптаманың мынадай түрлері жүргізіледі: сот-медициналық куәландыру, сот-гистологиялық зертхана, химия-токсикологиялық зертхана; күрделі сараптамалар бөлімі; молекулалық-генетикалық зерттеулер зертханасы; сот-биологиялық зертхана; сот-сараптамалық зерттеу зертханасы; сот-сараптамалық габитологиялық зерттеу; Сот-сараптамалық трасологиялық зерттеу; Сот-сараптамалық баллистикалық зерттеу және т.б зерттеу жүргізіледі.
Мәйітханада өлімнің себебін анықтау мақсатында мәйіттерге сот-медициналық зерттеу жүргізіледі. Мәйіттерді ашу үшін бірнеше секциялар қарастырылған. Олар: мәйіттер, ауру жұқтырған мәйіттер және шіріген мәйіттер.
Шараға қатысушыларға ғимараттың іші және ондағы сараптама жүргізу бөлімдерінің жұмысы толық таныстырылды.