Қазақстан халқының саны 19,7 млн адамнан асты
Жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда халық саны 1,1%-ға өсті
Қазақстан халқының саны 1 қарашадағы жағдай бойынша 19 715,2 мың адамға жетті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 19 715,2 мың адамның ішінде қалалықтар – 12 169,1 мың (61,7%), ауылдықтар – 7 546,1 мың адам (38,3%).
«2022 жыл басымен салыстырғанда халық саны 212,0 мың адамға немесе 1,1%-ға өсті. 2022 жылғы қаңтар-қазанда республика халқының табиғи өсімі 2021 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда (222,3 мың адам) 0,6%-ға кеміп, 221,0 мың адамды құрады. Табиғи өсімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 13,51 адамды құрады”, - делінген ақпаратта.
АХАТ органдары ұсынған азаматтық хал актілерінінің жазбаларындағы мәліметтерді өңдеу нәтижесінде, 2022 жылғы қаңтар-қазанда туылғандар саны 333,1 мың адамды құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңге қарағанда 11,4%-ға аз (375,9 мың адам). 1000 адамға шаққандағы жалпы туу коэфициенті 20,37 туылғандарды құрады.
«Қарастырылып отырған кезеңде қайтыс болғандар саны 112,1 мың адам болған, бұл 2021 жылғы қаңтар-қазанға қарағанда 27,0%-ға аз (153,6 мың адам) көрсеткіш. Өлім-жітімнің жалпы коэффициенті 1000 адамға 6,86 қайтыс болғандарды құрады», - делінген зерттеуде.
2022 жылғы қаңтар-қазанда республикада 1 жасқа дейін шетінеген 2 684 нәресте тіркелді және 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда (3 020 шетінеген нәресте) 11,1%-ға кеміді. Нәресте өлім-жітімінің коэффициенті 1000 туғандарға шаққанда 8,06 оқиғаны құрады.
Халықтың көші-қоны
Көші-қон қызметі органдары ұсынған мәліметтерді өңдеу нәтижесінде халықтың көші-қоны 2022 жылғы қаңтар- қазанда елімізге тұрғылықты тұруға келгендердің тіркелу саны 12 926 адамды, елімізден кеткендердің саны 21 875 адамды, көші-қонның айырымы -8 949 адамды құрады.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің көшіп-қонушылардың жалпы санынан үлесі 85,0% және 84,4% құрады», - дейді сарапшылар.
Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 3,2%-ға өсті. Өңіраралық қоныс аудару бойынша халық көші-қонының оң айырымы еліміздің 3 өңірінде байқалды: Алматы (30 388 адам), Астана (29 086 адам) және Шымкент (2 311 адам) қалаларында.