Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет екенін айтты
Келер жылдан бастап орталық орталықта және жергілікті жерде ауқымды кадрлық өзгерістер болады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бастықтардың үнемі бүйрегі бұрып тұратын адамдарымен қоштасуына тура келеді. Олардың орнын жаңа кадрлар басады. Қазақстанға тиімді жұмыс істейтін технократтар қажет. Министрлер және әкімдер өзіне қолайлы адамдарды ғана қызметке тағайындайтын әдетті доғаруға тиіс», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, министрліктердің өзінде «керек адамын» тағайындау үшін заң талаптарын аттап өтетін немесе қалауынша өзгертіп алатын жағдайлар бар.
«Бұл әрекеттер барлық жерде кездеседі. Жер инспекциясы, құқық қорғау саласы, ревизиялық комиссия және басқа да бақылау органдары жергілікті биліктің ықпалында болмауы керек. Әділ бәсеке болмаса, кәсіби мамандар мемлекеттік қызметке қызықпайды.
Дарынды жастар мемлекеттік қызметке келуге құлықсыз. Аймақтарда тек сол өңірдің азаматтары жұмыс істеуі керек деген қасаң түсініктен арылу керек. Адамның білікті болуы оның туған жеріне байланысты емес. Жұмыстың нақты нәтижесімен ғана бағаланады», - деді Тоқаев.