«Мәселені ашып айтпай, үнсіз қалатын әдет бар»: Президент Екібастұздағы жағдайға тоқталды
Залалды өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуге тиіс екені айтылды
Мемлекетке 90% тозып кеткен Екібастұз ЖЭО-ны 1 теңгеге сату ұсынысы сараптамаға мұқтаж. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кеңейтілген Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Бұл нысанға тәуелсіз аудит жүргізу керек. Әбден тозған орталықты мемлекет тиімді басқара ала ма, ең алдымен, осыны зерттеу керек. Кәсіпорынның 50 пайызын алып, меншік иесіне Жылу электр орталығын күрделі жөндеуден өткізуді тапсырған жөн», - деді Президент.
Тоқаев өз сөзінде Екібастұз тұрғындарына келтірілген залалды өтеу шығындары меншік иесі мен республикалық бюджет арасында бөлінуге тиіс екенін атап өтті.
«Үкімет соңғы жылдары меншік иелері ештеңе істемеген апатты инфрақұрылымның әрбір объектісі бойынша кешенді түрде тексеріс жүргізіп, шешім қабылдауы тиіс. Осындай жұмысты жергілікті деңгейде өңірлердің әкімдері жүргізеді. ЖЭО-ның орташа тозуы ел бойынша 66%-ға жетті, ал кейбір қалада 80%-дық апаттық деңгейден асып түсті. ЖЭО-ның үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеді. Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жылумен жабдықтау желілері толығымен тозған.
Мен бірнеше рет Үкіметке энергия объектілерін уақтылы жаңғыртуды бақылауға алуды тапсырдым. Әкімдіктер де бәрін үкіметке жүктеп отыра бермеуі тисі. Бұл – олардың жауапкершілігі», - деді Мемлекет басшысы.
Екібастұздағы жылу электр орталығындағы ақаулардың салдарынан қалада 689 көпқабатты үйдің 149-ы жылусыз қалды. Сондай-ақ 200-ге жуық жеке үй, мектептер пен балабақшалардағы жылуда тоқтатылды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склрядың айтуынша, апат саны туралы нақты ақпараттар болмағандықтан, технологиялық ақауларды дер кезінде жою мүмкін болмаған.
«Бір тәулік ішінде 79 көпқабатты үй және тұрғын үй секторының бір бөлігіндегі жылу жүйесі ретке келтірілді. Сонымен қатар, штабтың, КСК-ның және қала тұрғындарының өзара келісілмеген әрекеттерінің салдарынан 70 көпқабатты тұрғын үйде жылумен жабдықтау жүйесіндегі ақаулар анықталды. Жылу құбырларының қатып қалмауы үшін тұрғын үйлердің жылумен жабдықтау құбырынан су төгу сияқты әрекет етудің алгоритмдері орындалмады», - деді Роман Скляр.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай мәселелерді жүйедегі проблмалардың ашылып айтылмайтынымен байланыстырды.
«Бізде тұтынушылық мәселелердің үнсіз қалатын әдеті бар. Мұдай әрекет үлкен ресурстарды қажет ететін ауқымды салдарға әкелді. Менің ойымша, бұдан сабақ алу керек, неге бұлай болғанын тергеу қажет және біз тиісті шешімдер қабылдаймыз», - деді Президент.